Жамбыл облысында «Денсаулық жолы-2014» шарасы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында «Денсаулық жолы-2014» шарасы басталды

13.08.2014
Жамбыл облысында «Денсаулық жолы-2014» шарасы басталды

Жамбыл облысының дәрігерлері бескүндік «Денсаулық жолы» акциясының шеңберінде алыс ауылдарға аттанды,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Медицина мамандарының екі бригадасы (педиатрлар, балалар травматологтары, кардиологтар, онкологтар, фтизиатрлар, рентген-лаборанттар, салауатты өмір салты мамандары) облыстың барлық аудандарын аралайды. Халыққа тегін кеңестер беріліп, флюрографияға түсіріледі. «Денсаулық жолы-2014» науқанының мақсаты - ана мен бала денсаулығы, туберкулездің, жүрек-қан тамырлары және ісік ауруларының алдын алу, сондай-ақ, халыққа скринингті тексерудің маңыздылығын жеткізу.

«Ауыл тұрғындарының денсаулық мәселесіне келгенде сауаттылықтары төмен екені үлкен проблеманың бірі. Мысалы, жүрек ауруларына әдетте, артық салмақ, дене қимылының аз болуы, темекі шегу, ішімдік ішу, жиі орын алатын күйзелістер сияқты тәуекел факторлары алып келетінін көпшілігі біле бермейді. Аурудың бас кезінде белгілері аса біліне қоймайды, сондықтан адамдар ағзаның аз-маз белгілеріне көңіл аудармайды», - дейді Салауатты өмір салты орталығының директоры Гүлжан Иманбекова.

«Денсаулық жолы» акциясын облыстық денсаулық сақтау басқармасы, «Жамбыл облысы саясаткер әйелдер клубы» АҚ, сондай-ақ, облыстық Салауатты өмір салты орталығы ұйымдастырып отыр.

Хабарламаларға жазылу