Түркістан облысында «Денсаулық жолы» республикалық шарасы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында «Денсаулық жолы» республикалық шарасы басталды

06.08.2019

Түркістан облысында «Денсаулық жолы» республикалық шарасы басталды.  Ең мықты медицина мамандарынан құралған мобильді топ алдымен Арыс қаласына барды. Осылайша жарылыстардан жапа шеккен тұрғындары эндокренолог, офтальмолог, невропотолог, психолог секілді сала дәрігерлеріне қаралуға мүмкіндік алды.

Гүлжазира Ғалиқызы, тілші:

Жарылыстан қатты зақым келген медициналық мекемелердің бірі осы Арыс аудандық орталық ауруханасы. Сол күні мұнда 134 науқас ем алып жатқан. Оның ішінде жансақтау бөлімінде жатқан кішкентай нәрестелер де болды.

 Жарылыс болған күні жансақтау бөлімінде жатқан кішкентай пациеттердің бірі — Жандос Мауызбек. Қызылшаға шалдыққан бір жасар сәби бір күн бұрын ауруы асқынып, өкпесі қабынып, тыныс алу аппаратына қосылған. Гүлназ Тұрсынбек сол күні кезекші еді. Жарылыс жан- жақты жайпай бастағанда, ол өмір мен өлім арасында жатқан баланы жаялығаны орап, ала қашты. 

 

Гүлназ Тұрсынбек, Жансақтау бөлімінің медбикесі:

Құшақтаған күйі қаша бердік. Саяз жерде күтіп тұрған едім. Қасымдағы адамдар, «Тұрма, қаша бер»,- деді. Содан апарып әкесіне бердім.

 

Сол күні ауруханада жатқан 134 науқастың 56-і жас бала еді. Сау адамдар сауылдаған снарядтардан тығылар жер таппай тыпырлап жатқанда, ақ халаттылар ауруларды аман алып шығу үшін арпалысты. Жүре алмайтын, ауыр халдегілерді аурухананың 4 жедел жәрдем көлігіне тоғытты.     

 

Құрбанкүл Тәжімұқанова, Аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары:

Медицина қызметкерлері өз күшімен жетектеп алып шыққан науқастарымыз да болды. Сәби болды. Жүкті әйел болды. Азанда кеп түскен жүкті әйелді акушеркамыз жетектеп алып шығып, жолдан кездескен көлікке отырғызып, ары қарай алып барып, жолда босанды, ол әйел.

 

Жарылыс күні жарық дүниеге келген сәби, міне. Әжесі оны кеше ғана қырқынан шығарды. «Бөпеміз өте беймаза, жылауық»,- дейді. «Беймаза шақта туғаннан ба»,-деп күледі әжесі. Кіндігі жолда, көлік ішінде кесілген қыздың аты Камила. Алайда әжесі басқаша атағысы келген.

Ырыскүл Барлыбаева, әжесі:

Дүрбелеңде дүниеге келген соң Шаттық қойып едім өзім. Мына қорқыныштың арты қуаныш болсын, шаттық болсын деп. Бірақ ана көмектескен кісілер Камила деп қой депті. Сол кісілердің сөзін жерге тастамадық. Қанша дегенмен сол кіслердің арқасында жаны қалды ғой. Әсіресе, акушер Нағимаға рақмет айтам...

 

Арыста 8 денсаулық сақтау мекемесі бар. Жарылыстан аман қалғаны жоқ. Іші-сырты жөнделіп, жайрап жатса да, ақ халаттылар арыстықтарға денсаулығын қарап, бәйек боп жүр.   

 

Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу