Республиканың басым бөлігінде атмосфералық ағындардың өтуімен ауа райы тұрақсыз болады деп күтілуде. Кей жерлерде күн күркіреп, жауын жауады, жел күшейеді, оңтүстікте шаңды дауыл көтеріледі.
Қазақстанның оңтүстік-шығысында және шығысында ауа райы ашық болады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Ақтөбе, Қызылорда, таңертең және күндіз Ақмола, Қостанай, Оңтүстік Қазақстан, күндіз Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында кей жерлерде желдің күші 15-20 м/с-қа жетеді.
Қызылорда облысында шаңды дауыл көтеріледі. Маңғыстау облысында түнде және таңертең кей жерлерде тұман түсіп, күндіз желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетеді.
Күндіз Ақмола, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар, кей жерлерде Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарында аптап ыстық болады. Қарағанды облысында ыстық, кей жерлерде өте ыстық болады.
Республиканың оңтүстігінде, батысының кей жерлерінде, солтүстік-батысында, оңтүстік-шығысында және орталығында өте жоғары өрт қаупі сақталады.
Таяудағы тәуліктерде республиканың оңтүстігіндегі, оңтүстік-шығысындағы және шығысындағы тау өзендерінде су бетінің құбылуы байқалады. Іле өзенінде Қапшағай су қоймасына келетін ағын елеулі өзгермейді.
Қапшағай, Шардара су қоймалары, Бұқтырма су қоймасы бірте-бірте толтырыла бастайды.
ҚазАқпарат