Басты Жаңалықтар «Ақ бантик»: Түлектер желіде жаңа челлендж бастады

«Ақ бантик»: Түлектер желіде жаңа челлендж бастады

Оқу жылы аяқталып та қалды. Бір жып-жылы көрініс алдымыздан шыға берді...

Биыл қазақ мектептері «Ақ бантик» деп ән салып тұрғандай әсер қалдырды. Әлеуметтік желілердің қай-қайсын ашсаң да, осы әнді шырқаған түлектер. Ақ бантик таққан балауса қыздар, олармен вальс билеген бозбалалар...

Ең маңыздысы, бұл – мектеп түлектері мен мұғалімдердің бастамасы. Сондықтан болар, басында Павлодар өңірінде көп таралған челленджді кейін басқа аймақтардағы мектептер бірінен соң бірі жаппай жалғап кетті. Кейбірі тіпті дронмен түсірілім жасаса, кейбір жастар Астанадағы ЛРТ-ның ішінде орындады.

Бір қызығы, «Ақ бантик» жаңа хит емес. Ескі әндердің бірі. Ал қазіргі жастар ескі әндерді тыңдамайды деген пайым бар. Сондықтан бұл әннің бұлайша трендке айналуы да қызық әсер қалдырды. Негізі, «Ақ бантик» – тарихы бар ән. 1966 жылы Шәмші Қалдаяқов пен Мұхтар Шахановтың жақын досы Қаражан Әбіләзімов шаңырақ көтереді. Оның жары мектепті жақында бітірген, кеше ғана ақ бантик тағып жүрген жас қыз Патима Төреханова еді. Шәмші мен Мұхтар тойға тарту жасап, осы әнді жазады. Алғаш рет сол тойда айтылған ән 60 жыл өтсе де, ұмытылған жоқ. Ал биылғы түлектер оны балалық шақпен қоштасу гимніне айналдырғандай. Өйткені әннің әуені де, мәтіні де үлкен өмірге үндеп тұрғандай...

Кейінгі кезде мектеп бітіруші жастарға басқа да көп сын айтылып жүрді. Соңғы қоңырау соғыла сала қымбат кортеж алып, көшеде шулап, ресторанда тойлап, қымбат көйлек іздеп, әбден бәсекеге түсетін. Ал биылғы түлектер кейінгілерге мүлде басқа жол көрсеткендей. У-шу емес, сағынышқа толы ән шырқап, қымбат киім емес, мектеп формасын сәнге айналдырғандай.

Түлектер бастаған челленджге төменгі сынып оқушылары да қосылды. Олар қатарластарын мектепке бантик тағып келіп, шашты өріп жүруге шақырды.

«Ақ бантик» жиі айтылғасын ба, осы аптада желіде Мұхтар Шахановтың видеосы да көп таралды. Әсіресе, ақынның осы әнді жастармен бірге шырқаған сәті жақында ғана өмірден өткен тұлғаны халқымен қайта қауыштырғандай болды.

Шыны керек, әдетте әлеуметтік желілердегі мұндай челлендждер тез ұмытылады. Сондықтан ендігі басты сұрақ: бұл да бір маусымдық қана тренд пе, әлде келесі жылдан бастап «Ақ бантик» соңғы қоңыраудың гимніне айнала ма? Оны уақыт көрсетеді. Ал осы челлендждің өзі қанша буын ауысса да, есті әндердің ешқашан ұмытылмайтынын көрсеткендей.



Бөлісу