Басты Жаңалықтар Арықтататын дәрілердің ағзаға зияны қандай?

Арықтататын дәрілердің ағзаға зияны қандай?

Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік желілерде «аутизмді толық емдеу», «жалған аутизм» туралы мәлімдемелер көбейіп келе жатқанын айтып, азаматтарды осындай ақпаратқа сын көзбен қарауға және тек дәлелді медицинаға сенуге шақырды. Аутизм спектрінің бұзылыстары - бұл халықаралық медициналық қауымдастық растаған нейродамудың ерекшелігі. Аутизм «тәрбиенің дұрыс болмауынан», гаджеттерден немесе вакциналаудан туындамайды. Сонымен бірге аутизмді «тез және толық емдеуге» қабілетті ғылыми дәлелденген әдіс жоқ. Ғажайып терапиялар, күмәнді дәрі-дәрмек және жалған ғылыми әдістер отбасыларды адастырып қана қоймай, кәсіби көмек алу үшін аса қымбат уақытты жоғалтуға әкелуі мүмкін.
Ал Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Тимур Мұратов атышулы Оземпик препаратына байланысты пікірін білдірген. Иә, қант диабетінің екінші типіне шалдыққандарға көмектесетіні дәлелденген. Бірақ қант диабетімен ауырмайтындардың арықтау құралына айналғаны ойлантады.
Семіздік - дүние халқын уайымдатқан мәселенің біріне айналғаны қашан! Алайда күрестің кей түріне, оның ішінде түрлі «ғажап препараттарға», мысалы, өзім скептик қараймын.
Елдос Есенбол, тілші:
«Оземпик» деген өзі мынадай қаламсап-шприц. Жай қалам емес, «сиқырлы қалам» болып тұр. Бұны Дания астанасы Копенгагенде орналасқан «Novo Nordisk» деп аталатын фармацевтикалық компания шығарады. Әуелде инсулин өндірген алып компания 2012 жылы «Оземпик» деген дәріні ойлап тапты. 2016 жылы сынақтан сәтті өткізіп, 2017 жылдан сатуға шығарды. Әуелі АҚШ-қа, кейін Еуропаға. 2021 жылдан бері бұл препарат Қазақстанға да жетті. Мынадай 1 шприцті мөлшеріне қарай 45-60 мың теңгеге сатып ала аласыз. Ол 1, 1 жарым айға жетеді. Қазір осы «Оземпикті» шығаратын «Novo Nordisk» компаниясы Еуропадағы ең қымбат компаниялардың бірі. «Bloomberg», «Barron’s» секілді басылымдар ««Оземпик» Дания экономикасын алға сүйреп тұр» деп жазды. Сол «Bloomberg» былтыр «Novo Nordisk» компаниясының нарықтағы жалпы құны 570 миллиард доллардан асқанын хабарлаған. Ал Данияның жалпы ішкі өнімінің көлемі 2025 жылы 461 миллиард доллар болыпты. Мұндай алып компанияның салығы да әдәуір екені түсінікті. Ресми дерек бойынша «Novo Nordisk» 2024 жылы 21 миллиард дат кронын табыс салығы ретінде төлеген. Ол шамамен 3 миллиард доллардан асады.
«Оземпик» негізі 2-типті қант диабетін емдеуге арналған препарат. Оның құрамында семаглутид деген зат бар. Дәрігерлердің айтуынша, бұл адам ағзасындағы GLP-1 деген гормонның жұмысын қайталайды. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – тоқтық гормоны. Яғни адам бойында тамақ жеген кезде бөлінеді. Демек, «Оземпикті» қабылдаған адам тамақ ішпесе де, тоқ болып тұрады.
Әсия Қожахметова, эндокринолог:
Біріншіден, ол тәбетті төмендетеді. Біздің мидағы тоқтық орталығы бар, соған әсер етеді. Сондықтан адам тамақ жеген кезде тамақ тез тойымды болады. Асқазанда тамақ ұзағырақ тұрып, адамның аштық сезімі кештеу пайда болады.
Елдос Есенбол, тілші:
Сондықтан осындай препараттарды қолданып, «бір айда жіптіктей болдым» дейтін жарнамалар көп. Себебі бұл Қазақстанды ғана емес, әлемді жаулаған тренд. Мысалы, тележүргізуші, актриса Опра Уинфри салмақ түсіретін сондай «ғажайып дәріні» қолданғанын ашық айтты. Ол тіпті бұл тақырыпқа арнайы бағдарлама да арнаған. Танымал музыкалық менеджер, тележүргізуші Шэрон Осборн да «Оземпик» салып, 20 келі салмақ тастағанын мойындаған. Семаглутидті препарат қолданып арықтағандардың арасында танымал теннисші Серена Уильямс пен әйгілі кәсіпкер Илон Маск та бар. Әуелде қант диабетіне арналған дәріні тек арықтау үшін ғана қолданған қаншалықты дұрыс? Иә, бұған біржақты жауап жоқ. Дегенмен осы препарат тәулік бойы өндірілсе де, жетпей жатқанын ескерсек, оны тек диабеті бар адамдар ғана қолданбайтыны анық байқалады. Біз тілдескен эндокринологтар «семаглутиді бар препараттарды тек дәрігердің тағайындауымен және бақылауымен ғана қолдану керек» дейді.
Бауыржан Жүсіпов, ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы:
Қазіргі таңда біздің республикамызда тіркелген дәрі-дәрмектің ішінен «Оземпик» дәрісі айналымда бар. Сонымен қатар «Семавик» деген Ресей шығарған дәрі-дәрмек тіркелген. Бізде олар айналымда бар. Қант диабетімен ауыратын науқастар бар. Сонымен қатар семіздігі бар, өзінің белгілі индексі бекітілген, дәрігерлер оны арнайы белгілейді.
Динара Укенова, эндокринолог:

Мен эндокринолог ретінде «Оземпикті» қант диабеті бар азаматтарға және 1 дәрежедегі семіздікке шалдыққан науқастарға тағайындаймын. Себебі қазақстандық протоколда оған рұқсат етілген. Алдыма келген емделушілерге тізім беремін. Яғни, анализ тапсыру керек, УДЗ-ден өту керек. Содан кейін барып қана емдеуді бастаймыз. Және ондай тексерістен кемі 2-3 ай сайын өтіп тұру қажет. Сонда ғана «Оземпик» препаратымен емделуді жалғастыруға болады.

Елдос Есенбол, тілші:
Ал «Диабет жөніндегі ата-аналар қоры» деген қоғамдық ұйымның директоры Руслан Зәкиев әу бастан қант диабеті бар адамдарға арналған дәріні басқа мақсатта қолдануды құптамайды.
Руслан Зәкиев, «Диабет жөніндегі ата-аналар комитеті»  қоғамдық қорының директоры:

Иә, бұл препараттар адамның салмағына әсер етеді. Бірақ бұл қант диабетімен ауыратын адамдардың жанама ауруларға шалдығу қаупін азайтуға арналған. Себебі,  екінші типтегі қант диабеті бар азаматтардың сырқаты жүрек-қан тамыры, бүйрек ауруларына, семіздікке ұласуы мүмкін. Осы логикаға салып қарасақ қана «Оземпик» секілді дәрілерді қолдануға болады. Егер өте күрделі әрі диабеті бар адамдарға арналған препаратты тек қана арықтау үшін ғана тағайындаса мен ол дәрігердің біліктілігіне күмәнданатын едім.

Елдос Есенбол, тілші:
«Оземпик» секілді препараттардың зияны бар ма? Бұған да біржақты жауап жоқ. Әлеуметтік желіде кейбіреулер шашының түскенін, әлсіреп қалғанын айтып шағымданған. Дәрігерлер болса бұның барлығы препаратты өз бетінше қолданғанның салдары дейді.

Әсия Қожахметова, эндокринолог:
Негізі бұл қауіпті тренд деп ойлаймын. Себебі әр дәрінің өзінің нақты және қарсы көрсетілімдері бар. Бұл препаратты ұзақ қабылдағанда адам ағзасында өзгерістер пайда болуы мүмкін. Мысалы өтте тас пайда болуы мүмкін, қоректік заттардың тапшылығы болуы мүмкін. Адамның ағзасының асқорыту жүйесінің бұзылысы болуы мүмкін.

Динара Укенова, эндокринолог:

«Оземпик» қабылдайтын болсаңыз, майлы, қуырылған тағамдардан және алкогольден мүлде бас тарту керек. Егер дәріні қолданып және аталған заттарды жейтін болсаңыз ұйқы безіне екі есе салмақ түседі. Ал бұның арты панкреатитке әкеліп соғуы мүмкін.

Елдос Есенбол, тілші:
Алматыдағы жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды. Алдын ала ақпарат бойынша, блогер әрі кәсіпкер Сауле Базархан липосакция операциясынан кейін қайтыс болған. Полиция қылмыстық іс қозғаған. Денсаулық сақтау министрлігі мен құқық қорғау органдары жекеменшік пластикалық хирургия клиникаларын тексеріп бастаған. Марқұмның туыстарының айтуынша, операциядан кейін бірнеше сағат бойы нақты ақпарат берілмеген. Қазір тергеу жүріп жатыр. Соңғы медициналық қорытынды әлі жарияланған жоқ.
Липосакция – бұл адам денесіндегі артық майды хирургиялық жолмен сорып алу операциясы. Қазақстанда бұндай отадан кейін нақты қанша адамның көз жұмғаны туралы статистика жоқ. Дегенмен 2018 жылы Алматыда 33 жастағы әйел липосакциядан кейін қайтыс болған. 2020 жылы тағы да Алматыда 4 баланың анасы осындай ота кезінде клиникада көз жұмған. Ал күні кеше Ақтауда облыстық мәслихаттың депутаты Ербол Айтуов иек тұсына липосакция жасатамын деп қайтыс болғаны жарияланды. Өңірлік денсаулық сақтау басқармасы жекеменшік клиниканы тексергенде операциялық блок толық жабдықталмағанын, кей құрылғылардың пайдалану мерзімі өтіп кеткенін, ал анафилактикалық шок кезінде қолданылатын қажетті дәрі-дәрмектер болмағанын анықтаған. Бұның барлығы бізге нені аңғартады? Яғни, арықтау деген әп-сәтте бола қоятын дүние емес. Ал оны әп-сәтте қыламын деудің соңы қайғылы аяқталуы әбден мүмкін...
Динара Укенова, эндокринолог:

Жалпы бірден бірнеше келіге арықтаймын деп тырыспау керек. Негізі бір айда 2-5 келінің арасында салмақ тастасаңыз жарайды. Дұрыс тамақтанбаған адамның ағзасына қажетті дәрумендер, минералдар түспейді. Ал өмір салтын жөндемей, физикалық тұрғыда белсенді болмай арықтау мүмкін емес.

Әсия Қожахметова, эндокринолог:

Салмақ тастау кезіндегі ең басты қателік ол – салмақты тез тастаймын деу. Себебі ол марафон сияқты емес. Ол күрделі күрес. Ол күрес ұзаққа созылуы мүмкін. Жарнама бойынша өнімде «сіз бір аптада 10 келі тастайсыз», «100 % ешқандай қаупі жоқ» немесе «спортсыз арықтайсыз» деген жарнама болса, көп жағдайда ол маркетинг. Нақты медициналық дәрі болған кезде оның нақты, қарсы көрсетілімдері болуы керек. Оның зерттеулер, ғылыми дәлелдер болады.

Елдос Есенбол, тілші:
Ыбырай Алтынсаринше тәпсірлесек тәніңді де, жаныңды да сау қылатын «ғажап дәрі» бар. Тек ол «тәртіп, салауатты өмір салты және дұрыс тамақтану» деп аталады... 

Бөлісу