Нидерланд – Аргентина. Екінші жартылай финалда Германияның қарсыласы анықталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нидерланд – Аргентина. Екінші жартылай финалда Германияның қарсыласы анықталады

09.07.2014
Нидерланд – Аргентина. Екінші жартылай финалда Германияның қарсыласы анықталады

Әлем чемпионаты басталар тұста Нидерланд құрамасы жартылай финалға жететініне күмәнмен қарағандар көп болды. Шабуыл шебінде жұлдызды ойыншылары бар болғанымен, қорғаныста және алаң ортасында ойнайтын футболшылары әлі аттары таныла қоймаған жастардан құралған Нидерланд құрамасы мундиальді Испания құрамасын ірі есеппен ұтудан бастады.

Роббен мен ван Перси бастаған нидерландтықтар жоғарғы қарқында командалық ойын көрсетіп, топтық кезеңнен қиналмай өтті.

Бірақ плей-офф кезеңінде Мексика құрамасын соңғы минутта ғана ұтса, Коста-Рика құрамасын пенальти сериясында ғана жеңді. Дегенмен «қызғалдақтар елінің» футболшылары фаворит екенін дәлелдеп, жартылай финалға жетті.

Финалға шығар жолда Луи ван Гал шәкірттеріне қарсы Месси бастаған Аргентина құрамасы қарсы тұрады. Аргентиналық футболшылар жартылай финалға дейінгі ойындарда жарқын ойын көрсетті деп айтуға келмейді.

Барлық ойындарда «альбиселесте» қарсыластарын аз ғана басымдықпен жеңді. Аргентина құрамасы соңғы 24 жылда алғаш рет жартылай финалға өтіп тұр.

Бүгінгі ойында екі құрама сапында да жарақатына байланысты алаңға шықпайтын ойыншылар бар. Аргентина құрамасында Анхель Ди Мария бүгінгі ойында алаңға шықпайды. Оның орнына алаңға шығатын Серхио Агуэро өз құрамасының жеңісіне күш салары анық.

Нидерланд құрамасының бапкері ван Персиді алаңға денсаулығы 100 пайыз жақсы болғанда ғана шығаратынын мәлімдеді.

Жартылай финалда ойнайтын құрамалардың алдын-ала құрамы төмендегідей:

Нидерланд құрамасы: Силессен — де Врей, Влаар, Мартинс Инди — Куйт, де Гузман, Вейналдум, Блинд — Снайдер — ван Перси, Роббен.

Аргентина құрамасы: Ромеро — Сабалета, Гарай, Демикелис, Рохо — Перес, Маскерано, Гаго — Месси — Агуэро, Игуаин.

Нидерланд пен  Аргентина құрамалары арасындағы жартылай финалдық матчты «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы мен «KAZsport» телеарнасы тікелей эфирде назарларыңызға ұсынады. Ойынның басталуы, сағат 02:00-де.

Хабарламаларға жазылу