«Тур де Франс» көпкүндігінің алғашқы кезеңінде «Team Giant-Shimano» командасының велошабандозы, неміс Марсель Киттель жеңіске жетті.
Лидс пен Харрогейт аралығындағы 190,5 шақырым қашықтықты Киттель 4 сағат 44 минут 7 секундта өтіп, кезең соңындағы жаппай спринтте үздік шықты.
Дәл осындай уақыт көрсеткен «Cannondale» командасының велошабандозы, словак Петер Саган екінші орынға ие болды. Ал үшінші орында - «Garmin-Sharp» велокомандасының өкілі, литвалық Рамунас Навардаускас.
Сонымен қатар, бірінші кезеңде жарыстың басты фавориттерінің бірі, британдық Марк Кэвендиш мәреге таяп қалғанда құлап, жарақат алды. Велошабандоз жергілікті ауруханаға жеткізілді.
Ал қазақстандық «Астана» велокомандасынан ең жоғары нәтижені Якоб Фулсанг көрсетті. Ол мәре сызығын 29-шы кесті. Елордалық команданың капитаны Винченцо Нибали біріншің кезеңді 34-ші орында аяқтады.
«Тур де Франс-2014» көпкүндігі 27 шілдеде аяқталады.