Нибали спортшы ғана емес, ол - елдің символы - Италия премьер-министрі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нибали спортшы ғана емес, ол - елдің символы - Италия премьер-министрі

29.10.2014
Нибали спортшы ғана емес, ол - елдің символы  - Италия премьер-министрі

 29 жастағы «Astana Pro Team» командасының капитаны премьер-министрге  «Тур де Франс» веложарысындағы сары жейдесіне қолтаңбасын қалдырып, тарту етті. Маттео Ренци өз кезегінде Винченцо Нибали спортшы ғана емес, елдің символы деп атап өтті.

«Нибали екінші кезеңнен бастап сары жейдені иемденіп, «Тур де Франс» көпккүндігінде тамаша жеңіске жетті.  Бұл – таңғаларлық жетістік. Мен оны Киджи сарайында қабылдап отырғаныма қуаныштымын. Гран Тур кезеңінде мен оған хабарлама жіберіп, осы жаққа сары жейдемен келуін өтіндім. Бұл – Италия тарихы үшін ұлы жеңіс, әрі жастардың талпынысын шабыттандырады. Нибали сыйлаған шат-шадыман көңіл-күйге  елдің азаматтары алғысын білдіреді деп сенемін», - деді премьер-министр.

«Тур де Франс-2015» бағытын таныстырғаннан кейін Винченцо Нибали мәлімдеме жасады. Ол келесі жылы екі Гран-турға қатысата алатынын жеткізді. Екіншісі – Джиро. Дегенмен, бұл сұрақ әлі шешілген жоқ.

Ал, Винченцо Нибалидің жаттықтырушысы Паоло Слонго (Paolo Slongo) британдық  Cycling Weekly басылымына берген сұхбатында аса сақтықтық танытты. Ол Нибали үшін 2015 жылы басты мақсат – тек «Тур де Франс» болуы мүмкін, деді. Өйткені, бапкердің ойынша, екі ірі жарысқа қатысу екі жүлдеден де айырылып қалу қаупін тудырады.

«Егер Джиро мен Вуэльтаны жүріп өтсең, онда қалыпқа қайта келу уақыты жеткілікті. Ал, Джиро жарысында қарсылас – Фрум, Тур де Франста – Кинтана болса, жүз пайыз қалпыңа келу мүмкін емес. Сондықтан екі ірі жарыста да төмен нәтиже тіркелуі ықтимал. Мұндай тәуекелге бармаған жөн», - деді  Паоло Слонго.

«Тур де Франс-2015»  көпкүндігінің бағыты Винченцоға ұнады. Жекелей сынның қашықтығы – қысқа. Командалық жарыс та ыңғайлы. Өйткені, «Астана» құрамы мықты. Қырлы тасты жол мен дөңнің жиі кездесуі де қолайлы болмақ... Бұл – Нибалидің қағаздағы жарысы.

«Әрине, «Тур де Франс» - оның келесі маусымдағы басты мақсаты. Ал, Джиро көпкүндігіне Фабио Аруды жіберуге болады. Біз мұның барлығын талқылауымыз қажет. Джиро – оның мәнеріне жақын келеді. Біз бұл додада жеңіске жетуіміз қажет. Ол Джиро веложарысына жаттығу ретінде бармайды. Бұл жағдайда Нибалиге үйде қалғаны жөн», - деп түйіндеді бас бапкер.

 

Фото: AFP

Хабарламаларға жазылу