Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихаттау, мемлекеттік тілдің қазақ және орыс тілді басылымдарда насихатталу белсенділігін арттыру мақсатында «Мемлекеттік тіл және БАҚ»республикалық байқауын өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Бәйтерек» медиа орталығына сілтеме жасап.
Байқау төрт номинациядан тұрады:
- «Үздік мақала» (баспасөз бойынша );
- «Үздік телеарна бағдарламасы» (телеарна бағдарламалары бойынша);
- «Үздік радио бағдарламасы» (радио бағдарламалары бойынша);
- «Үздік сайт мақаласы» (сайт материалдары бойынша).
Байқау қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген жарияланымдарды, эфирден өткен хабарларды, қазақ тілінде жұмыс істеп жатқан арнайы сайттарды қамтиды.
Аталған республикалық байқауға елорданың атынан қатысушылардың жолданатын мақалалары мен бағдарламалары, сондай-ақ олар (авторлар, журналистер) туралы толық мәлімет ереже талаптарына сәйкес қабылданады.
Байқау материалдары жарияланған күйінде (газет-журнал беттерінде, бейне және аудиокассеталар түрінде) Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасына 6 маусымға дейін жолдану керек.
Қазылар алқасында сараланып, үздік деп танылған жүлдегерлердің есімі 2014 жылғы 25 маусымда анықталады. Марапаттау рәсімі Астана қаласында өтеді.