Басты Жаңалықтар Дүниежүзілік банк Қазақстанның экономикалық бастамаларын қолдауға дайын

Дүниежүзілік банк Қазақстанның экономикалық бастамаларын қолдауға дайын

Дүниежүзілік банк Қазақстанды инфрақұрылымға инвестиция тарту әрі реформаларды іске асыру арқылы қолдауға дайын. Бұл жайлы ұйымның Еуропа және Орталық Азия бойынша вице-президенті Антонелла Бассани Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғаринмен кездесуде мәлімдеді. Тараптар ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мүмкіндіктерін талқылады. Атап айтқанда, биыл мамырға жоспарланған инфрақұрылым саласындағы инвестициялық бағдарлама қаралды. Сондай-ақ су және энергетика секторын жаңғырту мәселесіне назар аударылды. Дүниежүзілік банк бұл жобаларға жеке инвестиция тартуға да қолдау көрсетуге ниетті. Жалпы 1993 жылдан бері Қазақстан мен Дүниежүзілік банк бірлесіп көлік, білім беру, экология, жасыл технологиялар және цифрландыру салаларында 8 млрд доллардан астам қаржыға 50-ден аса жобаны жүзеге асырған.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрі:

Біз үкімет қабылдаған және жүзеге асырып жатқан реформалар туралы айтып өттік. Ең алдымен бұл бюджеттік реформа мен салық саласындағы өзгерістер. Сондай-ақ Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлесіп іске асырып жатқан ауқымды бағдарлама бар. Бүгінгі кездесуде ең маңызды өзгерістердің бірі – конституциялық реформа да назардан тыс қалмады. Оның Қазақстанның болашағына, соның ішінде ел экономикасының дамуы мен өсіміне ықпалы талқыланды.


Бөлісу