Шымкентте Алпамыс батырдың ескерткіші ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте Алпамыс батырдың ескерткіші ашылды

19.05.2014
Шымкентте Алпамыс батырдың ескерткіші ашылды
Шымкенттің оңтүстік-батыс жағынан кіреберісінде Алпамыс батырдың ескерткіші ашылды. Оған облыс басшылары, зиялы қауым өкілдері мен ел-жұрт қатысты. Байшұбардың үстіндегі Алпамыс батыр ескерткішінің екі жанына алып арыстан бейнеленген.
 
Қаһармандықтың символын көрсететін бұл алып ескерткішті жеке кәсіпкер Құнанбай Шындәулетов өз қаржысымен тұрғызды. Бұл салтанатты шараға Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әли Бектаев қатысты.
 
«Біз бала күнімізден «Алпамыс батыр» жырын жаттап өстік. Алпамыс секілді батыр болсақ, халқымызды жаудан қорғасақ деп армандайтынбыз. Жас ұрпақтың ұлтжанды, елжанды болып қалыптасуына, халық игілігіне қызмет етуіне Алпамыс секілді батырларымыздың бейнесі аса қажет. Жалпы, ғасырлар бойы халықтың санасына сіңген қаһарманның ескерткішінің орнатылуы қазақ руханиятындағы үлкен оқиға деп білемін. «Алпамыс батыр» жырын ұрпақ тәрбиелеуде әлі де болса пайдалану қажет деп ойлаймын» – деді облыс әкімінің орынбасары Әли Әбдікәрімұлы.
 
Бұдан соң Алпамыс батыр рухына арнап Құран оқылып, ас берілді. Ардақты ақсақалдарға құрмет көрсетіліп, шапан жабылды. Өткен жылы белгілі кәсіпкер, «Алпамыс батыр» қоғамдық қорының президенті Бауыржан Оңғарбаев батырды ұлықтау, ел ішінде жан-жақты насихаттау мақсатымен Мақтаарал аудандық білім бөлімімен бірлесе отырып, аудан мектептердің жанынан ашылған 83 шағын орталықтағы тәрбиеленушілер арасында арнайы байқау ұйымдастырғаны белгілі. Шымкенттің кіреберісіндегі арғымақ мінген батырдың алып ескерткіші елді бірлікке, ынтымаққа шақырып тұрғандай.
 
Шара соңында палуандар сайысы мен көкпар ұйымдастырылды. Дүбірлі додаға алыс-жақын шетелдерден де шабандоздар қатысты. Көкпардың алғашқы 20 салымының әрқайсысы 100 мың теңгеден басталды. Жалпы, көкпардың жүлде қоры 25 миллион теңгені құрады, деп жазады «Айқын» газеті.

Хабарламаларға жазылу