Жанқожа батырдың 240 жылдығы тойлануда (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жанқожа батырдың 240 жылдығы тойлануда (ВИДЕО)

16.10.2014
Жанқожа батырдың 240 жылдығы тойлануда (ВИДЕО)

Қызылорда облысында 14-17 қазан аралығында Жанқожа батырдың 240 жылдығы кеңінен тойлануда. Осыған орай «Таңшолпан» арнайы сюжет дайындаған еді.

Қазалы ауданының орталығынан шамамен 300 шақырымдай жерде, Хиуа, Қоқан хандықтарынан қазақ жерін қорғаған Жанқожа батырдың мазары жатыр. Арал теңізінің жағасынан орын тепкен кесенені  батырдың ұрпақтары тұрғызған екен.

«Жанқожа батыр – қазақтың Алпамыс, Қобыланды, Қабанбай, Бөгенбай батырларының, Жәнібек тархан, Есет тархандардың ізбасары»,-дейді батырдың ұрпағы Күлімбет Шәки.

Жанқожа батыр 13 жасынан атқа қонып, жауға шапқан батыр ретінде тарихтан белгілі. Сыр бойы мен Арал теңізінің шығыс жағалауын мекен еткен батырдың мазарына XX ғасырдың орта тұсында белгі қойылған. Кесененің Арал теңізінің  жағалауында орналасуында да сыр бар.

Ұрпақтарының қолында батырдың сауыты сақтаулы. Кеуде тұсы ғана сақталған сауыттың салмағы шамамен 20 келі тартады. Дулығасы, белдігі, жеңдері жоғалып кеткен.  Көне жәдігерді көзінің қарашығындай сақтап отырған Үрімхан апа сауыттың қалай сақталғанын былайша жеткізді:

«Жанқожа батырдың Ақмырза деген ағасын  сарттар аяқ-қолын байлап, суға батырып өлтіреді. Оның сүйгеі табылмай кетеді. Ақмырзаның 16 жастағы Жалмырза атты баласы болады. мұны кейбір кітаптарда Жанқожаның әрі баласы, әрі інісі деп келтіреді. Ақмырза қайтқан соң, Жанқожа әмеңгерлікпен ағасының әйелін алады. Бұл сауыттың біздің ауылда сақталу себебі осы»,-дейді ол.

Хабарламаларға жазылу