Абылайхан әскеріндегі батырлардың бірі - Тілеуқабыл батырдың ескерткіші ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абылайхан әскеріндегі батырлардың бірі - Тілеуқабыл батырдың ескерткіші ашылды

16.09.2019

Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында Павлодар облысында Тілеуқабыл батырға арнап ескерткіш бой көтерді. 18 ғасырдағы жоңғар шапқыншылығы кезінде ел қорғаған Тілеуқабыл Дәулетбайұлы — Абылайдың әйгілі батырларының бірі болған. Ол туралы заманында деректер көп болған, ал қағаз бетіне түсіп сақталғаны аз. Мәшһүр-Жүсіп Көпеев: «Тілеуқабыл деген аты қалып, батыр атанып кеткен»,- деген жазба қалдырған.

Тілеуқабыл Дәулетбайұлы 18 ғасырдың екінші жартысы мен 19 ғасырдың басында өмір сүрген батыр. Алғаш рет хан Абылай басқарған «шаңды жорықта» көзге түскен. Тілеуқабыл ол жолы қол бастаған Бәсентиін Малайсары батырдың жасағында болады.

Сүлеймен Жүнісов, Тілеуқабыл батырдың ұрпағы:

Тілеуқабыл батыр келмейінше жорыққа шықпайды екен, Малайсары батыр. Соны құрметтегені сондай Малайсары батыр өзінің бір баласының атын Тілеуқабыл деп қойған. Ата қонысы осы, мекені осы Жаңатілек ауылы, Май ауданы, қазіргі Баскөл ауылы деп отырмыз.

Ертісті жағалай қонған Май ауданы аумағында атақты «Қалмаққырылған» деп аталатын тау бар. Өзенді кесіп өтіп, Баянауылға қарай бет алмақ болған жауға Орта жүз батырлары бас қосып, осы жерде тойтарыс береді. Кейін жоңғар бұл жаққа аттап баспаған. Арқа батырлары жауды Жетісудан қайтарып отырады.

Қуат Есімханов, қоғам қайраткері:

Мынау көп ғалымдар айтпай жүрген, Жетісуға Малайсары барып, осы елдің мың кісісімен барып, Жетісуда жаумен соғысып, сол жерде қайтыс болған. Сол жерде жерленген. Жетісу халқы «Малайсары»мдеп тауға атын берген. Сол кезде оң, сол қолы болған осы аталарымыз біздің.

Батырдың есімін ұлықтап, ескерткішін орнатқан оның ұрпақтары мен Май ауданының халқы. «Ендігі жоспар бабамыздың ерлік пен өрлікке толы істерін ғылыми тұрғыда зерттеу», -дейді ұйымдастырушылар. Қазірдің өзінде Омбы архивіндегі деректерге сұрау салынды.

Қанат Шайғазин, Тілеуқабыл батырдың ұрпағы:

Мәшһүр Жүсіп Көпеев 1924 жылы осы Жаңатілек ауылына келгендегі дерегі бар «Тілеуқабыл деген аты қалып, батыр атанып кеткен» деген. Осындай мәлімет. Бұл кісі үлкен батыр болған. Қазақтың батыры болған.

Ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан ғайыр жерді ұрпаққа аман еткен батырлардың ерлігі тұтас қазақтың рухын асқақтатады. «Тарихты түгендеп, өткенге салауат еткен ел үшін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қала мен даланы жақындатып, ұлттың санасын бір серпілтті»,- дейді көпшілік.

Болат АМАНБАЕВ


Хабарламаларға жазылу