Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының Көкпекті ауылында су қоймасын су шаюы салдарынан 100-ге тарта үйді су басты. Төтенше жағдайды жою жұмыстары жалғасуда, деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
«Судың көп келуіне және Көкпекті су қоймасы бөгетінде қажетті су өткізу мүмкіндігі бар шлюз камерасының болмауынан 30 наурызда сағат 18.30-дан бастап бөгет үстінен су аға бастады», - делінген хабарламада.
Пайда болған қауіпке байланысты ескерту жасалып, Көкпекті ауылының 70 ауласының және Қарағанды қаласының Сортировка кентінің 30 ауласының тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру жұмыстары жүргізілді.
Тұрғындар мектептер мен өздерінің туыстарына көшірілді. Көкпекті өзенінің бойындағы, одан әрі Нұра өзенінің бойындағы барлық елді мекендерге ескерту жасалды. Әр үйге арнайы барып, хабарлама жасалды.
Түнгі сағат 01.30 кезінде Көкпекті су қоймасының бөгетін су шайып кетуіне байланысты Көкпекті ауылының 100-ге жуық үйін 1,5-1,8 метрге дейін су басты.
Су басқан баспаналардан халықты қауіпсіз жерге көшіруге ҚР ТЖМ азаматтық қорғаныс полкінің апаттық медицина бөлімі, жеке құрамның 124 адамы мен жеке құрамның 15 техникасы жұмылдырылды.
Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде Көкпекті ауылының 125 тұрғыны құтқарылды. Құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде қаза болған 4 адамның мәйіті табылды. Көкпекті ауылының мектебінде төтенше жағдайларды жою мен медициналық пункт бойынша штаб жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды inform.kz.
Қазіргі уақытта төтенше жағдайларды жою бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Оқиға орнына ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко шықты, деп хабарлады Қарағанды облысының ТЖД баспасөз қызметі.