Басты Жаңалықтар 500-ге жуық түрлі этнос өкілі бір мезетте өнер көрсетті

500-ге жуық түрлі этнос өкілі бір мезетте өнер көрсетті

Еліміздің шығысында Қазақстан халқының бірлігі күні ерекше мерекелік шарамен басталды. Өскеменнің орталық алаңында түрлі этнос өкілдерінен құралған 200-ге жуық домбырашы мен 300 биші бір мезетте өнер көрсетті.

Қаланың қақ ортасында бес жүзге жуық өнерпаз бір уақытта өнер көрсетіп, көпшілікке керемет көңіл-күй сыйлады. Бұл шара «Бірлігі жарасқан - Қазақстан» атты мерекелік бағдарлама аясында өтті. Бұдан бөлек, этномәдени бірлестіктер концерт қойып, көрмелер ұйымдастырды. Түрлі ұлт өкілдері ұлттық киімін киіп, өз салт-дәстүрі мен мәдениетін таныстырды.

Ануар Булашбаева, зейнеткер:
Барлығымыз бірлікте, тату-тәтті ұзақ өмір сүрудеміз. Біз сияқты зейнеткерлер немерелерін әкеліп, барлығын көрсетуде. Тек қана жақсылықта өмір сүре берейік. Барлық елдердің ұлт өкілдерінің мейрамдары ұзағынан болсын.

Мерекелік жиында сөз алған облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов бұл күннің маңызына тоқталды. Аймақ басшысы өңір тұрғындарының татулығы мен бірлігін ерекше атап өтті. Себебі, Шығыс Қазақстан - еліміздегі түрлі этнос өкілдері көп шоғырланған аймақтарының бірі.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Мемлекетіміздің барлық жетістіктері шын мәнінде берекелі. Біздің бірлігіміз - әрбір қазақстандықтың күндіз-түні талмай жасаған еңбегіне тікелей байланысты.

Салтанатты шаралар ары қарай Достық үйі алаңында жалғасты. Мұнда түрлі ұлт өкілдерінің тағамдары таныстырылып, ұлттық ойындар бойынша сайыстар ұйымдастырылды.

Рустам Зулфиев, қала тұрғыны:

Біз ұлтқа бөлінбейміз. Қазақстанда қанша ұлттар өмір сүріп жатыр бір шаңырақтың астында, бір әке-шешенің баласындай өмір сүріп жатырмыз. Қазақстанымыз әрқашан гүлдей берсін. Қазақстан тек қана алға.

Шығыста түрлі этнос өкілі бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Олардың ортақ тілегі бір, елдің амандығы, жұрттың тыныштығы.

Бөлісу