«Like Kazakhstan in Sochi» фотоакциясының жеңімпаздары анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Like Kazakhstan in Sochi» фотоакциясының жеңімпаздары анықталды

27.02.2014
«Like Kazakhstan in Sochi» фотоакциясының жеңімпаздары анықталды
 
«Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының қолдауымен ақпанның 7-cі мен 23-і аралығында әлеуметтік желілерде «Like Kazakhstan in Sochi» халықаралық онлайн фотоакциясы ұйымдастырылды.
 
Мақсат – Сочидегi Қысқы Олимпиадаға қатысқан Қазақстан спортшыларын әлеуметтiк желiлер арқылы жан-жақты қолдау. Бұл үшін әр азамат өз мемлекетiнің, қаласының, ауылының, университетiнің, мектебiнің, жұмыс орнының атауы жазылған жерге тұрып, Like Kazakhstan in Sochi жазуын қолға ұстап, суретке түсті.
 
Барлық фотопост #LikeKazakhstanInSochi хэштегімен жазылып, фэйсбуктегі арнайы ресми парақшада жарияланды. 
 
Акция қорытындысы бойынша парақшада барлығы Қазақстанның әр түкпірінен және шет мемлекеттерден алынған 60-қа жуық сурет жарияланды.
 
Нақты айтқанда, қатысушылар Австрия, Польша, Канада, АҚШ, Британия, Моңғолия, Ресей, Бельгия, Түркия, Испания, Беларусь, Ирландия, Ресей, Швейцария мемлекеттерінен фотосуреттер жіберді.
 
Акция өткен екі апта ішінде Like Kazakhstan in Sochi парақшасына 700-ге жуық адам жазылып, оны 40 000 мыңнан астам адам көрді.
 
Осыған орай Астана қаласындағы «Болашақ» ХБО орталығының конференц-залында марапаттау рәсімі өтті.
 
Ең көп «like» жинаған он фотопост үздік деп танылып, «Қазақстан-2050» қозғалысы атынан бағалы сыйлықтармен және сертификатпен марапатталды.
 
Акция қорытындысы бойынша «Болашақ» ХБО бірінші орынға ие болды. Халықаралық бағдарламалар орталығы ұжымы «KZ» латын әріптері формасында суретке түскен болатын.
 
«Болашақ» ХБО «Ең бірегей идея» аталымында топ бастады. Аталмыш шараға «Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры демеушілік етті.
 
Топ-ондық фотопостылар:
1. «Болашақ» ХБО, «Ең бірегей идея» аталымы;
2. Анастасия Старикова, зейнеткер, ШҚО, Северное ауылы, «Ең спортшыл зейнеткер» аталымы (88 жастағы шаңғышы әжей);
3. «Талас толқыны» спорттық би клубы, Тараз қаласы, «Халық көзайымы» аталымы (мүгедек арбасына таңылған мүмкіндігі шектеулі жандар);
4. Брюнель университетінің студенттері Олимпиада чемпионы, атақты боксшы Серік Сәпиевпен бірге (Британия), «Ең олимпиадалық жанкүйер»;
5. Эссекс университетіндегі қазақстандық студенттер (Британия), «Ең креативті идея», (Олимпиада сақиналары кейпіндегі қолшатырлар);
6. Жаңаөзен қаласы жастарынан фотосуреттер сериясы, «Ең жастаршыл фотопост»;
7. Назарбаев зияткерлік мектебінен фотосуреттер сериясы, Өскемен қаласы, «Ең спортшыл мектеп»;
8. Ермағамбетовтер отбасы, Ырғыз ауылы, Ақтөбе облысы, «Ең отбасылық жанкүйерлер» (қазақ ұлттық тағамы қойылған дастархан басында жиналған отбасы);
9. Ағайынды Дарын мен Бақнұр, ОҚО, Қайнар ауылы, «Ең кішкентай жанкүйерлер»;
10.«Барлық халықтар» волонтерлық тобының еріктілері, Люблин қаласы, «Ең интернационалды жанкүйерлер».
 
 

Хабарламаларға жазылу