Дәстүрлі Қытай медицинасының тарихы терең - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дәстүрлі Қытай медицинасының тарихы терең

08.07.2014
Дәстүрлі Қытай медицинасының тарихы терең

Соңғы кездері елімізден Қытайға ем іздеп барушы науқастар саны көбейді.  Олар әлемге әйгілі,  мыңжылдық тарихы бар Қытай медицинасының көмегіне жүгінеді. 

Өйткені, дәстүрлі Қытай медицинасы  бүгінде әлемдік деңгейде қолдау тауып, жоғары сұранысқа ие болып отыр. 

Дәстүрлі Қытай медицинасы емнен бұрын аурудың алдын алу жолдарын қарастырады. Басты қағида қарапайым:  адам ағзасы -  біртұтас мүше, бір механизм. Әрі сол механизм белгілі бір табиғи тәртіп бойынша жұмыс істеуі тиіс.

Ол тәртіп бұзылса, тек табиғи жолмен қалпына келтіру керек. Химия мен хирургия - Қытай медицинасына жат түсінік.

Чжан Синпин, дәстүрлі Қытай медицина университетінің профессоры:

Адам өз денесіндегі табиғи үрдістердің бірқалыптылығын қадағалап отыруы тиіс. Күрделі үрдістерді қажет етпейді. Шөп, ине және массаж. Осы үш құралмен адам ағзасын ақтармай-ақ, диагноз қоюға да,  аурудың бетін қайтаруға да  болады.

Ернар Бердиев – Бейжіңде 10 жыл жүріп, Қытай медицинасының қыр-сырын зерттеген отандасымыз. Қазір ине шаншудың шебері,  шөппен де шипа  бере алады.

Талай адамдардың түрлі сырқаттан сауығып кетуіне себепкер болған.  10 жыл ішінде қытайлық шипагерлерден үйренгені мол. Енді сол ілімін халқының игілігіне жаратқысы келеді.

Ернар Бердиев, дәстүрлі Қытай медицинасының маманы:

Қытайдан үйренетініміз көп. Біздің  медицинамызды да Қытай медицинасының деңгейіне жеткізуге болады. Өйткені, Қытай медицинасы дегеніміз ол – халық медицинасы.

Чжан Синпин,  дәстүрлі Қытай медицина университетінің профессоры:      

Маған Қазақстаннан арнайы келіп немесе өзімді арнайы шақыртып  емделіп жатқандар аз емес.  Мен үнемі оларға  шекара аспай-ақ, дәстүрлі медицинамызды  біріктіріп, сіздің елде дамытсақ қалай деп, талай ұсыныс жасағанмын.

Дәурен Бауыржанұлы, тілші:

  Бұл дәстүрлі Қытай медицинасымен емдейтін ауруханалардың дәрі қоймасы.  Өздеріңіз білетіндей,  Қытай медицинасы тек табиғи дәрі-дәрмекпен емдейді. Мына шағын тартпаларда  жиі қолданыста болатын 600-ге жуық  шөп-дәрі сақталған. Жалпы, Қытай медицинасы емдеуде табиғи шөп-дәрілердің 10 мыңға жуық түрін қолданады.

Бұл табиғи дәрі-дәрмектердің басым бөлігі кең байтақ қазақ даласында бар екен. «Ендеше, көршілес елдің тәжірибесін ескеріп, ілімін игере отырып, дәстүрлі медицинаны  елімізде неге жандандырмасқа?!», дейді мамандар.

Дәурен БАУЫРЖАНҰЛЫ

 

 

Хабарламаларға жазылу