Түлектер мектеп бітіру кешінен бас тартты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түлектер мектеп бітіру кешінен бас тартты

14.05.2019

Нұр-Сұлтан қаласындағы №29 мектептің оқушылары бітіру кештері, мейрамхана мен отшашудан, қымбат көлікпен қыдырудан бас тартты. Бұл бастаманы елдің әр аймағындағы түлектер де іліп әкетіп, қолдау көрсетіп жатыр. Олар көңіл көтеруге кететін қыруар қаражатты қайырымдылық істерге жұмсамақшы. Тілші Нұрхан Нұрланұлының материалы.

Елордалық оқушылар мектеп бітіру кешін тойлаудың ешқандай маңызы жоқ деп есептейді. Мұны әр аймақтағы түлектер қолдап, қайырымдылық шарасын өткізуге белсене кіріскен.

Дильназ Әжібаева, №29 орта мектептің 11-сынып оқушысы:

- Ата-аналарымыз айтты, сендер жасағыларың келсе, біз жасап береміз деді. Бірақ сыныптастарымызбен тойламайтын болып келістік.

Ал, Алматының Жетісу ауданына қарасты мектеп оқушылары биыл оқу жылы аяқталмаса да, бірігіп, қаржы жинап, көпбалалы аналар мен жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетіп үлгерген. Мәселен, олар жуырда 6 баланың анасы Райхан Серікбайқызына теледидар сыйлапты.

Райхан Балмаханова, көпбалалы ана:

- Мектеп бітіруші түлектер бізге теледидар сыйлады. Алғысымыз шексіз, рақмет айтамыз. Ақ жол. Оқуға түсіп кетсін.

Медина Жеңіс, № 108 жалпы білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы:

- Бұл балалардың жүзінен күлкі-шаттықты көру, балаларға қуаныш сыйлау бізге киер көйлек пен ақша жұмсайтын кештерден қымбатырақ болды. Бізге мейірімділік пен осындай сауапты істер жасауды үйреткен ұстаздарымыз бен ата-аналарымызға рақметімізді айтамыз.

Түлектердің бұл бастамасын ата-аналар мен мектеп ұжымы бірауыздан қолдаған. «Себебі бұл дәстүрге айналса, өзгелерге үлгі болады», - дейді ұжым басшысы.

Руфинат Әлдіғазы, № 108 жалпы білім беретін мектептің директоры:

- Мектеп бітіруші түлектердің мұндай жақсы игі бастамаға өздерінің үлестерін қосып жатқанына сондай қуаныштымыз. Мұндай шәкірттерімізбен біз мақтанамыз.

Нұрхан Нұрланұлы, тілші:

- Жетісу ауданындағы 16 білім ошағы осы бастаманы одан әрі жалғастырмақшы. Бұл мұғалімдер не ата-аналардың емес, оқушылардың өз таңдаулары екен. Олардың сөзінше, өмірде бір рет келетін кезең ысырап іспен емес, қайырымдылықпен есте қалғаны дұрыс.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу