1-сыныпқа латын графикасы 2020 жылы енеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

1-сыныпқа латын графикасы 2020 жылы енеді

31.01.2018

2020 жылы 1 қыркүйектен бастап бастауыш сыныптарға латын графикасы енгізіледі. Білім және ғылым министрлігі келесі жылы қыркүйектен бастап дайындық сыныптарында латын графикасын үйрете бастайды. Осылайша, 2020 жылы бірінші сыныпқа баратын бала латын графикасымен оқып, жазады. Қазірдің өзінде оншақты орта мектепте сынақ жұмыстары басталып кеткен.

Қазақ  әліпбиін латынша таңбалау тәсілі қазір 6 жоғарғы оқу орны мен оншақты орта мектепте сынақтан өтуде. Соның бірі - Астанадағы №76 қазақ лицейі. Мұндағы мұғалімдер арнайы дайындық курсынан өткен, балалар  латынша диктант жазып үйренуде.

Айша Серікбаева, 4-сынып оқушысы:

 - Бізге латын графикасы оңай болғаны, кейбір әріптері ағылшын тілінен келген.

Сынақтан өткен оқу ордаларының оқушылары мен ұстаздары арнайы берілген тапсырмаларды орындайды. Сондай-ақ, сауалнамға жауап береді.  Жиналған сын-ескертпелер мен пікірлер министрлікке жолданады.

Сафура Төлекова, №76 лицейдің директоры:

- Мектептегі 261 оқушы, 33 мұғалім апробациялық сауалнамаға қатысты. Сауалнамада бірнеше тапсырма қарастырылған.

Биыл оқулықтар мен мұғалімдерді даярлау жұмыстары басталады.  Ұстаздарды қайта оқытуға 10 миллиард теңгеге жуық қаржы қаралса, 400 мыңға жуық оқулықты қайта басуға 202 миллиард теңге көзделген.

Дегенмен, жаңа графикаға көшудің нақты мерзімі латын әліпбиіне қатысты республикалық комиссияның шешімінен кейін өзгеруі мүмкін.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу