Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 3 млрд теңге бөлінбек. Ұстаз табысы Елбасы Жолдауында айтылған білім берудің жаңартылған мазмұнға көшуіне байланысты ұлғаймақ. Бұл жаңашылдық қостанайлық оқытушыларды қуантып отыр.
Бірінші санаттағы мұғалім Назгүл Байділдаеваның 12 жылдық еңбек өтілі бар. Жақында ол мазмұны жаңартылған білім беру курсын тәмамдап, біліктілік деңгейін арттырды. Енді жалақысы 30 пайызға өседі.
Назгүл Байділдаева, бастауыш сынып мұғалімі:
- Жаңартылған білім бағдарламасы қандай жағдайда өтуі керек? Қалай білім беру керек? Сол салада өзіме көптеген жаңалықтар аштым. Қазір алған білімімді, көптеген әдіс-тәсілдерді қолданып балаларға білім беріп отырмын.
Биыл Қостанай қаласы бойынша 80-ге жуық мұғалім заманауи оқу бағдарламасын меңгеріп шықпақ. Қазірдің өзінде 19 ұстаз біліктілік деңгейін арттыруда. Ал, кейбір оқытушыларға мектеп қабырғасында жүріп-ақ курстарға тыңғылықты дайындалу мүмкіндігі қарастырылған.
Данагүл Сүйіндікова, Қостанай қалалық білім беру бөлімінің басшысы:
- Қаланың 33 мектебінің 10 мектебінде математика-жаратылыстану пәндері бойынша факультатив сабақтары өтіп жатыр. Сондықтан, болып жатқан өзгерістер кезегімен жүріп жатыр. 2019-2020 жылдары болатын өзгерістерге мұғалімдер дайын.
Жалпы, Қостанай облысында мектептерде барлығы 14 мыңнан астам мұғалім еңбек етеді. Бүгінде әрбір екінші оқытушы тиісті біліктілік курстарынан өтіп, жаңартылған мазмұнда сабақ беріп жатыр.
Данияр СҰЛТАНҰЛЫ