Қызылордада вундеркинд бала өсіп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада вундеркинд бала өсіп келеді

03.06.2014
Қызылордада вундеркинд бала өсіп келеді
Қызылордада дарынды математик өсіп келеді. Алты жастағы Ерхан өте зерек. Оның есепке деген ынтасы зор. Миллионға дейінгі сандарды ойша еш қиналмай қосып-алатын баланың есте сақтау қабілеті де ерекше. Көзбен көргендерін лезде жаттап алады.
 
Міне, алты жастағы бүлдіршін үлкендер айтқан күрделі есептерді осылайша оп-оңай шешеді. Миллионға дейінгі сандарды бір-біріне қосып, айыру Ерхан үшін еш қиын емес.
 
 Ол есепке қандай жүйрік болса, оқуда да сондай зерек. Әліппедегі 42 әріпті жатқа біледі. Сүйікті ертегілерін өзі оқиды. 
 
Ерхан Исламбек, зерек бала:
Мен өскенде математик болғым келеді. Әліппе де қызық. Әліппедегі суреттерді қарап барлығын жатқа біліп отырмын. Мен ақылды баламын.
 
Ерхан кішкентайынан өзге жеткіншектер секілді доп қуып, далада ойнағаннан гөрі үйде конструктор құрастырғанды ұнатыпты.
 
Екі-үш сағат бойы қиыннан қиыстырып, түрлі заттар жасайтын дейді анасы. Ал, оның бойындағы есепке деген құштарлықты жақындары жуырда байқаған.
 
Гүлбарам Мекеева, Ерханның әжесі:
Балабақшада жүрген кезінде тәрбиешісі «Әжесі-ау, мына баланың таланты өзгеше ғой, өзге балаларға қарағанда. Байқамадыңыз ба?», - деді. Сол кезде барып байқадым. Қосу-алу, миллионға дейін есептеп шығару оған шемішке шаққандай болып есептеледі екен. Мен соны байқамағаныма өзім де таңқалдым.
 
Ерханды өзгелерден даралап тұрған ерекше қабілетін алғаш байқаған тәрбиешісі - Айнұр Бұйраева. Білікті педагог оның есте сақтау қабілетіне тәнті. «Ерханның қиялы ұшқыр, суретті жақсы салады. Тапсырманы мұқият орындайда, ең бастысы тақпақты лезде жаттап алады», дейді ол.
 
Айнұр Бұйраева, тәрбиеші:
Тек қана математика емес, өлеңді де жаттауға зерек. Ерекше бала.
 
Білсем, көрсем деп білімге құлаш ұрған балақайдың қиялы шексіз. Басты арманы - математик болу. Қазақтың атын әлемге мәшһүр ететін шахматшы атануды да ойлайды.
 
Атасы мен әжесі болса биыл мектепке баратын Ерханның жақсы оқып, мақсатына жететіне сенімді. Өйкені, ойын баласы болса да ол асық ойнап, доп қумайды, оның орнына есеп шығарып, кітаптан бас алмайды.  
 
 
Гүлжан ҚАЛТАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу