ЖОО автономды жүйеге көшуі заман талабы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ЖОО автономды жүйеге көшуі заман талабы

01.02.2014
ЖОО автономды жүйеге көшуі заман талабы

Автономия. Бұл сөз дербестік дегенді білідіреді. Демек, Елбасы биылғы Жолдауында жетекші жоғары оқу орындарына автономия беруді жүктеді. Қазірдің өзінде бұл бағытта жүйелі жұмыстар қолға алынды.
 
 Жалпы, әр университетке дербестік берілген жағдайда, бірегей оқу бағдарламасы бола ма? Әлде студенттер әртүрлі жүйемен білім ала ма? Ақылы оқу құнын мемлекет бекіте ме, әлде әрқайсысы өзінше бағалай ма?
 
 Жоғары оқу орындарына мейлінше дербестік беру. Президенттің бұл тапсырмасы университет басшыларын ойландырмай қоймады.
 
Гүлнар Жақсылықова, Астана Медицина университетінің білім беру қызметі жөніндегі проректоры:
Егер автономия берілсе, біз оқу бағдарламасын нарыққа сай өзгерте аламыз. Үлкен жауапкершілік, әрине, жоғары оқу орындарына түседі. Біздегі қаржылық басқару жүйесі де жөнделеді.
 
Ғалым Мұтанов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры:
Автономияның берілудегі негізгі мақсаты - қазір барлық жерде бәсеке. Бәсекеге қабілетті болу үшін мүмкіншіліктер керек. Ал автономия мүмкіншілік береді. Қазір біз мемлекеттік кәсіпорын ретінде мемлекет қадағалауында дамып келе жатқан кезде, біраз еркіндік беру арқылы бәсекелестікті көтеруге болады.
 
 Автономия халықаралық тәжірибеде бар ұғым. Англия, АҚШ сынды алпауыт елдерде кеңінен жайылған. Бірақ, Қазақстан бұған дайын ба? Өйткені, қанша жыл мемлекет қарамағына қараған оқу орындары етек-жеңдерін жинап, дербес болуы үшін дайындық керек.
 
 Әйтпесе, білім жүйесін жаңартамын деп, артығын тыртық қылып алуымыз бек мүмкін. Білім және ғылым министрлігінің жоспары бойынша, оқу құнын белгілеу үшін арнайы кеңес құрылуы мүмкін. Ал оқыту бағдарламасын әркім өздігінше дайындайды.
 
Такир Балықбаев, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:
Ортақ білім беру стандарты болғанымен, оның 55-90 пайызына дейін әрбір жоғары оқу орны өздері құратын болып жатыр. Дербес жоғары оқу орны болғанда, олар тек қана өздерінің оқу бағдарламасын құратын болады, өздерінің диплом беру құқығына ие болады.
 
 Өзіндік оқыту жүйесі бар жоғары оқу орнының дипломы қаншалықты жарамды болады? Бірді емес, бәрін осы сауал алаңдатады. Әзірге, бұл уақыт еншісінде.    
 
Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу