Бизнесті автоматтандыру - заман талабы

05.03.2019

Бизнесті автоматтандыру арқылы еңбек өнімділігі мен табыс көлемін арттыру - ең тиімді жол. «Astana Hab» халықаралық IT-стартаптар технопаркі осы бағытта әлемдегі танымал компаниялармен бірлесіп, жұмыс істеуде. Дәл қазір бизнес процестерді роботтандыруға арналған шешімдер таныстырылып, талқылануда.

Ербол Мәндібек, тілші:

- «Astana Hab» халықаралық IT-стартаптар технопаркі іске қосылғалы бері оған деген қызығушылық айтарлықтай артып келеді. Енді міне, әлемге әйгілі «Microsoft» компаниясы «Astana Hab»-пен әріптестік орнатып, бірлесе жұмыс істеуге ниетті. «Microsoft»-тың Қазақстандағы директоры Тибо Коляктың айтуынша, еліміздің экономиканы цифрландырудағы әлеуеті зор. Осы ретте ол «Astana Hab»-тың ішінде жасалып жатқан стартап жобаларды жоғары бағалап, «оларды одан әрі дамытуға және жетілдіруге дайынбыз»,- дейді.

Тибор Коляк, «Microsoft» компаниясының Қазақстандағы директоры:

- Біз Қазақстанда бұлттық есептеулер және жасанды интеллект технологияларын жасап жатырмыз. Осылайша «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында бизнестің тиімділігін арттыру бойынша қолайлы шешімдер шығаруға атсалысамыз.

Дәл осы шараға отандық акселераторлар, яғни, IT-стартап жобаларды зерттейтін және қолдайтын институт өкілдері қатысуда. Олардың пайымдауынша, еліміздегі ірі кәсіпорындар мен шағын және орта бизнесті сандық форматқа ауыстыруға атсалысатын ақылды әрі білікті мамандар жетерлік. Мысалы, әлемдегі ең танымал қосымша шығарған «Убер» компаниясының ешқандай машинасы жоқ. Джек Ма жүзеге асырған «Али Баба» компаниясының ешқандай тауар сақтайтын қоймасы жоқ. Осы секілді жетістікке жеткен компаниялар IT технологияның мүмкіндігін барынша пайдаланып, миллиардтаған пайдаға кенелуде. Отандық IT-стартаптардың  мақсаты да - осы.

Әділет Нұрғожин, «Astana Hab» халықаралық IT-стартаптар технопаркінің бас директоры:

- Кішкене ғана уақытта біздер 150-ден артық стартап жобалар жинадық. Бұл енді халық санына шаққанда 500-ге жуық адам. Аз уақытта біздің жобалар 350 миллионға жуық инвестиция тартты.

Қазір әлемдік экономика, жалпы, жаһандық бизнес адамның емес, ақылды роботтар мен компютерлік бағдарламалардың көмегіне көбірек жүгінуде.

Ербол МӘНДІБЕК

Хабарламаларға жазылу