GGG 4-раундта жеңіске жетуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

GGG 4-раундта жеңіске жетуі мүмкін

14.09.2018

Геннадий Головкин Сауль Альвареспен жекпе-жекте 4-ші раундта жеңіске жетуі мүмкін. Былғары қолғап шеберінің алғашқы жаттықтырушысы – Виктор Дмитриев осындай болжам жасап отыр.

Кәсіпқой бокстан Әлем чемпионы Геннадий Головкин өзі туып өскен Майқұдықтағы денешынықтыру және сауықтыру кешенінен талай чемпиондардың түлеп шығатынына сенім артып былғары қолғапқа қолтаңбасын қалдырған болатын. Ал, бұл жолы Сауль Альвареспен арада өтетін жекпе-жек қарсаңында барша қазақстандықтар Генаның өзіне сенім артып отыр.

Серікжанның Геннадий Головкин атындағы денешынықтыру және сауықтыру кешеніндегі бокс үйірмесіне қатысып жүргеніне 2 жылдан асты. Болашақта чемпион болуды армандайды. Гена мен Сауль Альварес арасындағы жекпе-жек болатын күнді Серікжан мен осындағы барлық бала асыға күтіп жүр.

Серікжан Жексенбай, жас спортшы:

- Гена мен Альварестің арасында Гена жеңеді деп ойлаймын. Біз оған сенім артамыз. 100 проценттің 99 процентін Головкинге қоямыз.

Нұрсұлтан Темірбаев, жас спортшы:

- Гена Головкин жеңеді деп барлығы ойлайды. Маған ол ұнайды. Техникасы, соққысы жойқын.

Шаршы алаңда шашасына шаң жұқпаған Генаға бұл жолы барынша жинақылық қажет болатынын  алғашқы жаттықтырушысы Виктор Дмитриев те сезеді. Білікті бапкер бала күнінен өзі тәрбиелеген чемпионның әр жекпе-жегін теледидар алдында жалғыз отырып тамашаласам ғана өзімді жайлы сезінемін дейді. Осы жолғы ойынға қатысты ардагер спортшылардың болжамдары әр түрлі.  

Виктор Дмитриев, Г.Головкиннің алғашқы жаттықтырушысы:

- Жекпе-жек өте тартысты өтеді. Бірақ, тең түсу болмайды. Менің ойымша, Гена 4-ші раундта мәселені шешіп тастайтын шығар. Оның бұған барлық жағынан тәжірибесі жетеді. Дегенмен, сақ болғаны да дұрыс.

Бейбіт Есжанов, ардагер боксшы:

- Геннадийдің жасы қазір біразға келіп қалды. Альварес болса, 9 жас одан кіші. Сондықтан, бұл өтетін жекпе-жек тартысты болады деп ойлаймын. Ешкім айқын басымдылықпен жеңбейді. Екеуі де қазір бірін-бірі біліп алды жақсы. Қатты дайындалып жатыр. Мүмкін сол 12 раундқа дейін жекпе-жек созылатын шығар.

Бүгінде Гена кәсіпқой бокстың 4 нұсқасы бойынша Әлем чемпионы. Шағын елді мекеннен шығып, әлемді мойындатқан даңқты спортшы биіктерді бағындыру үшін талмай еңбектенді, көп тер төкті. Дәл осы жекпе-жекте де ел мерейін асқақтатарына сенім мол. 

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу