Головкин Сауль Альвареске ұпай айырмасымен есе жіберді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Головкин Сауль Альвареске ұпай айырмасымен есе жіберді

16.09.2018

АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында орналасқан T-Mobile аренасында өткен бокс кешінде қазақстандық Геннадий (GGG) Головкин мексикалық Сауль Альвареске ұпай айырмасымен есе жіберіп, чемпиондық атақтарын қорғап қала алмады.

Қазақтың шапанымен шаршы алаңға көтерілген Головкин бірінші раундта қарсыласын аңдумен өткізді. Кезегін күтіп, барынша соққы жұмсауға тырысты. Екінші және үшінші раундтарда Канело алға ұмтыла түсті. Бағыттаған соққылары дәл тиіп, маңызды ұпайларын иеленді.

Төртінші раундты Гена ширақ бастады. Жақын қашықтықта бірнеше соққысын дарытып, жанкүйерлерін бір желпінтті. Бұл кезең қазақстандық боксшының басымдылығымен өтті. Бесінші раундтан кейін Канелоның қабағынан қан кеткені де байқалды. Алтыншы раунд та арпалысқа толы болды. Одан кейінгі раундтарды да боксшылар қарқынды өткізді. Екеуінің де белсенділігі артып, жеңіске ұмтыла түсті. Қарсыластар бірдей деңгейде жұдырықтасты.

Оныншы раундта Гена сәтті шабуылмен қарсыласын бір есеңгіретіп, қысымды барынша күшейте түсті.

Жекпе-жек соңына қарай екі боксшы да басымдықты өз қолына алуға тырысты. Алға ұмтылып, алма кезек соққылармен алмасты. Алайда, жұрт күткен нокаут болған жоқ. Осылайша, жеңімпаз төрешілер шешімімен анықталды. Бір төреші қос алыптың нәтижесі тең түсті десе, екі төреші мексикалықты жеңімпаз таныды.

Нәтижесінде, Геннадий Головкин кәсіпқой бокс мансабында алғаш рет жеңіліс тапты.

Хабарламаларға жазылу