Мадридтік «Атлетико» сырт алаңда памплоналық «Осасунаны» 0:3 есебімен жеңді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мадридтік «Атлетико» сырт алаңда памплоналық «Осасунаны» 0:3 есебімен жеңді

28.11.2016
Мадридтік «Атлетико»  сырт алаңда памплоналық «Осасунаны» 0:3 есебімен жеңді

Футболдан Испания чемпионатының 13-ші туры аясында мадридтік «Атлетико» памплоналық «Осасуна» клубына қонаққа барып, алаң иелерін 0:3 есебімен ойсырата жеңді.

Бірінші таймды екі команда да белсенді бастады. Алаң иелері аутсайдер екендеріне қарамастан,  Диего Симеоне шәкірттеріне еркін ойнауға мүмкіндік бермеді.

Кездесудің 14-ші минутында қауіпті шабуылдардың бірінде мадридтік ұжымның қорғаушысы Хосе Хименес айып алаңында Ориеэль Риераға қарсы ереже бұзып, төреші 11-метрлік соққыны белгіледі. Пенальтиді памплоналық команда ойыншысы Роберто Торрес сәтсіз орындап, жанкүйерлерін қуанта алмады.

Ақырындап «Атлетико»  ойындағы басымдыққа ие болып, матч тізгінін өз қолына алды. «Осасуна» айып алаңына Кокенің бұрыштамадан көтерген добын мадридтік команданың орталық қорғаушысы Диего Годин басымен дәл қақпаға бағыттап, командасын алға шығарды (36') - 0:1.

Бір минуттан кейін (37') Анхель Корреа командаласы Кевин Гамейроға әдемі пас орындады, ал, «Атлетиконың» француз шабуылшысы бұл бір сәтті ұтымды пайдаланып, қақпашыдан айласын асырып кетті - 0:2.

Екінші таймда екі команда шабуылдап, қақпа алдында қауіпті сәттерді туғызғанымен, қарсыластар қорғаныста қателіктерге бой бермеді. Бірақ, ойынның аяқталуына санаулы минуттар қалғанда «Атлетиконың» бельгиялық ойыншысы Янник Феррейра Карраско қарсылас команда қорғаушысының қателігін пайдаланып, есепті 0:3-ке жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, «Осасуна» - «Атлетико» кездесуін тікелей эфирде көрсеткен көрсеткен «Kazsport» телеарнасы.

«Осасуна» - «Атлетико» кездесуіне видеошолу

Хабарламаларға жазылу