Астанадағы ең алғашқы көшелердің бірі – Республика даңғылы
Целиноградтан Астанаға дейін. Тың игерушілердің шағын қаласынан елордаға айналғалы бері Астана өсіп, өніп, көркейе түсті. Жаңа шаһармен қоса Есіл бойындағы ескі қала да жаңарып жатыр. 20 жылда бұрынғы орталықта орналасқан әкімшілік ғимараттар мен мәдени орындардың сырты қайтадан қапталды. Ең алғашқы, әрі ең басты Бейбітшілік, Жеңіс, Абай, Республика көшелері күрделі жөндеуден өтті. Келесі бейнематериалымызды сол көшелердің біріне арнап отырмыз.
Республика даңғылы - ескі орталық пен жаңа қаланы жалғап тұратын Астанамыздың басты көшелерінің бірі. Қаптаған дүкендер, дәмханалар мен ақша айырбастайтын орындар. Үнемі тірлік қайнап, қозғалыс күні-түні тоқтамайды. Бұл бүгіні. Ал, көшенің кешегісі қандай еді? 20 жылға кейін қайтып, еске түсіріп көрелік. Әрине, озған техника көмегімен. 1998 жыл. Қараша. Қара суық. Міне, 20 жыл бұрын осындай көрініс болыпты.
Шағын қаланың келбеті ол жылдары жұпыны болғанымен, Республика даңғылы маңғаздығымен, кеңдігімен көрікті еді. Қашан да басты көшелердің бірі болып, дамып келеді. Қазір 5 шақырымға дейін созылып жатыр. Кенесары, Иманов, Абай, Сейфуллин сынды ірі көшелермен қиылысады. Сондықтан, елорданың күретамыры іспеттес. Ал, Республика даңғылы деген атау 1997 жылы берілді. Бұған дейін ол Целинниктер көшесі болып келген. Өйткені, 1950-1960 жылдардағы тың игеру кезінде Сарыарқа еңбекшілері ерекше көзге түседі. Олардың құрметіне К-700 тракторының ескерткіші де орнатылған еді. Қазір оның орнында Әскери-тарихи музей тұр. Ал, мына фотодағы үйлер сол қалпы қалыпты.
Есесіне, ел арасында «хрущевка» деп аталып кеткен тұрғын үйлердің келбеті бүгіндері өзгеше. Бір үлгіде салынған 5 қабатты үйлердің күйі жас елорданың реңін қашырып тұрған еді. Сондықтан, Астананың 10 жылдығына орай әкімдік қалаға сый тартуды шешеді. 2006 жылдың аяғына қарай арнайы байқау жарияланады. Динара Тұрсынбаева мен оның әріптестері ұсынған жоба елдікінен ерек шығады. Өйткені, олар классикалық сәулет өнеріне тұңғыш болып қазақылықты енгізеді.
Динара Тұрсынбаева, сәулетші:
- Ол кезде қазақтың архитектурасы қойылмаған еді. Біз тек қана киіз үйлерді білеміз. Содан элементтерді ала отырып, классикалық архитектура стилінің заңдылықтарын сақтай отырып, өзімізше ойымызды жеткізуге тырыстық. Үйдің бұрышындағы элемент ата-бабамыздан қалған сандық тастарда оюланған. Соларды қолдана отырып, элементтерді толықтыра отырып, жасап шығардық.
Ал, мынау үйдің төбесі қазақтың қалпағы іспеттес. Балконның безендірілуі белдіктің үлгісінде жасалған. Әр үй әртүрлі оюлармен өрнектелгенімен, ортақ қолтаңба бар. Жалпы, Астананың 10 жылдығына орай Республика даңғылындағы 11 үй әдемі қаптамаға ораныпты. Оларға 20 мың шаршы метрдей құрылыс материалы кеткен. Құрылысшылар мен сәулетшілер қала күніне дейін үлгеру үшін 7 ай бойы тер төгеді. Ал, айтулы мереке Динара үшін құт-берекесімен келеді.
Динара Тұрсынбаева, сәулетші:
- Ең соңғы жобаларды мемлекеттік сараптамаға 4-шілде күні өткіздім. 5-шілде перзентханаға түстім. 6-шілде күні ұлым дүниеге келді.
Сондықтан, Динара бұл күнді ерекше тебіреніспен күтеді. Отбасылық мерекенің Отан үшін маңызды күнмен ұштасып кеткеніне 10 жылдан асып барады. Ал, ұрпақтарды сабақтастырып, екі жағалауды жалғап тұрған көшенің келбеті көріктене беретініне сәулетшінің сенімі мол. Өйткені, оның «Республика» деген абыройлы атауы бар.
Альбина ӘШІМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
