Телеөнер тарланы: Нұртілеу Иманғалиұлы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Телеөнер тарланы: Нұртілеу Иманғалиұлы

16.03.2018

Қазақ телевизиясы тарландарының бірі - Нұртілеу Иманғалиұлы. Оның болмыс-бітімі әлемнің әр қиырына тараған қандастарымыз үшін «Қазақ қандай? дегенде міне осы деп көрсететін нартұлға.

Сондықтан, телевизияның 60 жылдығында телеөнердің қайталанбас қайраткері туралы айтпай кету бізге үлкен сын болар еді.

Телеөнердегі ақпарат кеңістігінің өз жауынгерлері бар. Ал, сол сарбаздарға басшылық етіп, дұрыс жол сілтейтін сардарлары болады. Олар ақпарат майданының сарбаздарын қаламның қуатымен шындықты бүкпесіз айтып, именбей көрсетуге ықпал етеді. Яғни, телевизияның сардары қандай болса, сарбазы да сондай. Ұлылардан тәлім алған Нұртілеу Иманғалиұлы Қазақ телевизиясына тілші болып келіп, төраға деңгейіне дейін көтерілді. Ол «Qazaqstan» телеарнасына басшылық еткен тұста журналистердің ұлттық құндылықтарды насихаттап, елдің рухын көтеретін бағдарламалар дайындауына жол ашты.

Сәуле Жиреншина, журналист:

- Ақпарат майданында қатардағы журналистен телерадиокорпорацияның төрағалығына дейін жеткен қазақтың дарынды ұлы, танымал журналисі деп атауға болады. Нұртілеу ағаның «Көкпар», «Құрдастар» жобалары бүкіл қазаққа жыр болып айтылып жүретін.  

Ел аузында ертегідей тараған бағдарламалар сол кезеңнің күнгейін де, көйлеңкелі тұстарын да  ашық айтып, қалың көрерменге ой салды. Телеарна арқылы халықтың әлеуметтік әлеуетін өздері ойланып, шешім қабылдауға ықпал етті.

Негізінен тележурналистиканы сала мамандары үлкен өнер деп санайды. Ал, қарапайым халық кәсіп көзі деп есептейді. Алайда, бұл үлкен ғылым екенін ғалымдар айтып жүр. Жалпы, мұны қалай атасақ та, тележурналистикаға енді қадам басқан мамандарға үлгі болатын телетұлға керек екендігі анық. Міне, Нұртілеу Иманғалиұлы осындай тау тұлға болды. Оның мінезі әрі табандылығы мен сабырлылығы теледидардың арғы жағындағы көрерменнің де тұлғалық болмысын қалыптастырды.    

Серік Жанболат, журналист:

- Оның жүрген жүрісі де, сөйлеген сөзі де, эфирдегі өзін-өзі ұстауы да тұтас мектеп болып саналады. Сондықтан да, ол кісіні мен де, жүздеген жас журналистер де өздеріне ұстаз деп біледі. Шынында да, ол соған лайық тұлға деп есептеймін.

Телеөнерге 40 жылдан аса ғұмырын арнаған Нұртілеу Иманғалиұлы өзі дайындаған бағдарламаларды өзі жүргізіп, өзекті, әлеуметтік тақырыптарды көтерді. Сол хабарларда көтерілген мәселелерге билік назарын аударып,  дер кезінде шешімін тапты. Сондықтан, телеарна қалың бұқараның мұңы мен қуанышын назарда ұстайтын үлкен күшке айналды. Бүгін біз ерекше тоқталған телеарна ардагері қазір де қоғамдағы жағдайға өзінің пікірін білдіріп, жас мамандарға ағалық кеңесін айтады. Демек, қаламды қару еткен сайыпқыран журналист Нұртілеу Иманғалиұлы әлі де саптан шыққан жоқ.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу