«Saryarqa» телеарнасына - 60 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Saryarqa» телеарнасына - 60 жыл

18.10.2018

Бүгін «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының аймақтарда алғашқы болып ашылған филиалдарының бірі «Saryarqa» арнасы 60 жылдық мерейтойын атап өтті. Осыған орай бірқатар игілікті шаралар ұйымдастырылды. Салтанатты шараға ұлттық арна басшылығы мен сала ардагерлері қатысты. 

«Saryarqa» телеарнасы Қарағанды телестудиясы деген атпен сонау 1958 жылы 31 тамызда  жұмысын бастады. Содан бері индустриалды өңірдің тарихын таспаға түсіріп, қалың көрерменді ақпаратпен қамтамасыз етіп келеді. 60-тың асуын бағындырған телеарна тарихы өте бай. Осы құндылықты насихаттау мақсатында Қарағанды мемлекеттік университетінде дәрісхана ашылды.

Нұртілеу Иманғалиұлы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

-Телевизия деген бұл синтезді өмір. Телевизия дегеніміз тек қана бұқаралық ақпарат құралы ғана емес. Ол - өнер. Ал, өнердің маңайында өнерсіздер жүр бүгін. Солардан арылудың жалғыз жолы оның ғылымының биіктігінде.

Мерейтойлық шаралар аясында «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» мен  университет басшылығы әріптестік меморандумға қол қойды. Қос тарап дуалды оқыту жүйесін дамытуды көздейді. Яғни, оқу орнындағы студенттер телевизияға келіп, тәжірибеден өтеді. Тіпті талапкерлер еліміздегі 14 аймақтағы филиалға барып, біліктілік арттыра алады. Сондай-ақ, «Saryarqa» телеарнасының 60 жылдық мерейтойына бағытталған аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция да өтті.

Бұған қоса, «Saryarqa» телеарнасының алғашқы басшысы Қали Аманбаевқа арналған ескерткіш тақта ашылды.

Рымкеш Смағұлова, телеарна ардагері:

- Телеарнаға 1960 жылдары келгенде ең алғашқы тың жер жыртқандай ыстығына күйіп, суығына тоңдық. Ол уақытта телеөнер деген мүлде болған жоқ. Не екенін де білмейміз. Сол әліппеден бастадық. Жүре келе үйрендік барлығын.

Бүгінде «Saryarqa» телеарнасы тәулігіне 14 сағат эфирге шығады. Бұл ең шалғай елді мекендерді де қамтитын өңірдегі жалғыз арна. Шығармашылық ұжым сапалы жаңалықтар мен бағдарламаларды көзі қарақты көрерменге үздіксіз ұсынып келеді.

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу