Қазақ телевизиясының тұңғыш дикторлары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ телевизиясының тұңғыш дикторлары

05.02.2018

Қазақ тілінің үндестік заңын - сингармонизм заңдылығын сақтап эфирде сөйлеген дикторлар - жас ұрпақтың құлағына әсем де әуезді қазақ тілін құя білді. Көгілдір экранның көркін ашқан, сұлулық символына айналған дикторлар күнде кешкісін қазақ шаңырағының төрінде отыратын, диктор оқыған - сөз де дұрыс, ақпарат та шынайы қабылданатын.  Сондай ардақты ардагерлеріміздің бірі, тұңғыш диктор  Зұлқия Жұматова Ұлттық арнаға эксклюзивті сұхбат берді.

1958 жылы «Балалар бағдарламасына редактор боламын» деп телеарнаға келген ол ойда-жоқта дикторлардың байқауынан бір-ақ шығады. 37 жастағы келіншектің қабілетін Шәкен Айманов байқап қалады. Зұлқия апай режиссерге өзі шығарған өлеңді мәнерлеп оқып береді. Осылайша, көзге түсіп, 800-дей адамның ішінен іріктеліп алынады. 1958 жылы 5 наурызда жарлық шығады. Бұл бір жапырақ қағаз Зұлқия Жұматованың Қазақ телевизиясының шымылдығын алғашқы болып ашуға мүмкіндік береді.

Зұлқия Жұматова, Қазақ телевизиясының тұңғыш дикторы:

- Біз ең алғашқы шыққанда тіземіз әуелі дірілдеп тұрды. Ол уақытта мұндай теледидар жоқ. Таңертең барамыз, түнгі сағат 1-дің кезінде қайтамыз. Балалар бағдарламасы, жаңалықтар, саяси, барлығын өзіміз өткіземіз.

98-ге келген дарабоз диктор 60 жыл бұрынғы тарихи сәтті күні кеше болғандай айтып бере алады. Әсіресе, күллі Одаққа танымал Юрий Левитаннан алған сабақтары мен Мұхтар Әуезовпен сұхбаты ешқашан жадынан өшкен емес. Құрбысы Нелли Омарованы да жиі еске алады. Екеуі егіз қозыдай еді. Зұлқия қазақша эфирдің жұлдызы болса, Нелли орысшасын жарқыратты.

Қос жұлдыздың біреуінің жарығы өшті. Нелли Омарова 2012 жылы дүниеден озды. Сондықтан, «дикторлардың анасы» атанған, жасы жүзге жақындаған Зұлқия апайдың батасы бүгіндері айрықша бағалы.

Қазақ телевизиясының тарихында қалған тағы бір жүргізуші - Ләзиза Аймашева. Ол 1959 жылы көгілдір экран арқылы ақпарат таратқан. Одан кейін эфир көркін ашқандар: Орынбала Оразбаева, Ләскер Сейітов, Мариам Айымбетова, Всеволод Иванов, Лидия Тюльменко, Қажы Қорғанов, Тыныс Өтебаев сынды ардагерлер. Ал, 1980 жылдары қазақ телевизиясына орта буын өкілдері келді.

Баян Балтабайқызы еңбек жолын 1986 жылы Целиноград облыстық телевизиясында бастаған. Республикалық арнаға байқау жарияланған кезде жүзден жүйрік шығып, Орталық телевизияның дикторы атанды. Сол кезде аты дүркіреп тұрған «Время» хабарын жүргізді. Бұдан бөлек, журналист, редактор болып қызмет еткен Баян апай ол кездегі жұмыстың шыжығы мен қызығы қатар жүргенін айтады. 

Баян Секербаева, Қазақ телевизиясының ардагер журналисі, диктор:

- Ол кезде суфлер деген ештеңе болмайтын. Біз өзіміз көп нәрсені жаттап айтатынбыз.

 Альбина Әшім, тілші:

- (1960 жылдар) Телевизия дәуірінің бастауында тұрған дикторларға қатаң талап қойылатын. Эфирге киген киімдері ала-құла болмауы шарт еді. Алайда, кей батылдау жүргізушілер осындай үлгіде киінетін. (1980 жылдар.) Телевизия дамыған сайын жаңалықтар форматы да өзгере түсті. Дикторлардың киім үлгісінде еркіндік пайда болды. Жүргізушілер сол кездегі сәннен қалыспауға тырысатын. (2018 жыл) 60 жылда сән де, талап та талай құбылғанымен, бір нәрсе өзгеріссіз қалды. Ол – жүргізушілердің телевизиядағы орны. Диктор әр үйге қонақ болып келіп, тұтас ұжымның жұмысын көрерменге бір өзі паш етеді. Диктор – арнаның келбеті, басты бетке ұстары. 

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу