Басты Жаңалықтар Парижде Лувр мұражайы тоналды

Парижде Лувр мұражайы тоналды

Әлем назары - Парижде. Лувр мұражайы тоналды. Ұрылар бағалы әшекей бұйымдарды санаулы минуттарда қолды еткен. Қазір бұл оқиғаға байланысты тергеу жүріп жатыр. Лувр музейі бүгін жабық тұр. Әділет министрі болған оқиғаны Францияның беделіне нұқсан келтірді деп мәлімдеді.
Парижде жексенбі күні белгісіз біреулер Лувр мұражайын тонап кетті. Бір кездері Наполеон Бонапартқа тиесілі болған зергерлік бұйымдар мен басқа да әшекейлерді қарақшылар небәрі 7 минутта ұрлап кеткен. Париж басылымдары мұны «ғасыр ұрлығы» деп жазып жатыр.
Рашида Дати, Францияның мәдениет министрі:

Біз тонау туралы ақпарат түскеннен кейін санаулы минуттарда жеттік. Шынымды айтсам, бәрі тез болды. Әккі ұрылар әрекет етсе керек. Ұйымдасқан қылмыс өнер нысандарын да көздейді. Өзіңіз білетіндей, Франция - баға жетпес тарихи мұраға бай ел.
Прокуратура жоғалған заттардың тізімін жариялады. Қолды болған 9 жәдігердің арасында Наполеон Бонапарттың әйелінің алқасы мен сырғалары, король Луи-Филипп Біріншінің жұбайы мен Наполеон Үшіншінің анасы және императрица Евгения киген тәждер бар. 1534 гаухартаспен және 56 жақұтпен көмкерілген тәж музейге жақын жерден табылды. Алайда француз бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, оған зақым келген.
Лор Бекко, прокурор:
Әшекейлер коллекционерлердің тапсырысымен ұрланған болуы мүмкін. Тапсырыс берген адам анықталса, ұрланған заттар сол қалпында, яғни жақсы күйде табылады. Немесе біреулер тек қымбат тас, маржан, сирек металдарға қызығып тапсырыс беруі де мүмкін.
Бұл оқиғаға байланысты тергеу басталды. Қолды болған қазынаның жалпы құны әзірге белгісіз. Шығын мөлшері есептеліп жатыр. Франция президенті Эммануэль Макрон әлеуметтік желідегі үндеуінде ұрлықты - ұлттық мәдени мұраға жасалған шабуыл деп атады. Соңғы мәліметтерге сай, Луврды тонауға 4 адам қатысқан. Беттерін жауып алған олар қылмыс орнынан мотоциклдерге мініп ізін суытқан.
Элиз Мюллер, Лувр мұражайының қызметкері:
Лувр қызметкерлері болған іске қатты өкінеді әрі ашулы. Өйткені ғимаратты қорғау - біздің міндетіміз. Біз мұны қажетті деңгейде күзете алмадық. Тергеу кезінде бұған жауаптылар, бірқатар заңбұзушылықтар анықталатын болар.
Әділет министрі Луврдың тоналуы биліктің салғырттығынан болды деп мәлімдеді.
Жеральд Дарманен, Әділет министрі:
Барлық жердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Біз шалыс бастық. Париж орталығына кран әкеліп, бірнеше минутта бағалы әшекейлерді ұрлау Францияның беделіне нұқсан келтірді. Бұл біз міндетімізді дұрыс атқармадық дегенді білдіреді.
Бұған дейін 1911 жылы Лувр мұражайынан Леонардо да Винчидің «Мона Лиза» шедеврі ұрланды. Полиция сол кезде әйгілі суретші Пабло Пикассоны да тергеген екен. Картина үш жылдан кейін табылып, Луврге қайта қойылды.

Бөлісу