Еуропалық саясаткерлер мен сарапшылар еңсесін тіктеген елдің қуанышына ортақтасты. Қазақ елінің жаһандық бастамаларына жоғары баға берді.
Тәуелсіздік алған күннен әлем елдерімен достықты нығайтқан Қазақстанның қуанышын бөлісуге келгендер де сол туыстай болып кеткен шетелдік дос, жора-жолдас. Бірі аяққа енді тұрған Қазақстанға кезінде тәуекелге бел буып қаржы құйған кәсіпкер, енді бірі ел мен елді елдестірген елшілер. Бәрі де Қазақ елінің 26 жыл ішінде жеткен жетістігіне тәнті.
Джон Ступ, Қазақстанның Бельгиядағы құрметті консулы:
- Мен Қазақстанға алғаш 1994 жылы бардым. Сол уақыттан бері ел адам танымастай өзгерді. Ядролық сынақтарға қарсы шыққан Қазақстан бүгінде әлемге бейбітсүйгіш ел ретінде танылды. Мұндай жетістікпен елдің әрбір азаматы мақтануы тиіс.
Пьер Боргольц, Еуропалық сыртқы әрекеттер қызметінің бұрынғы үйлестірушісі:
- Қазақстанның әлемдік аренадағы медиаторлық рөлі керемет. Кезінде қазақ елі Иран мәселесінің бейбіт түрде шешілуіне күш салып еді. Қазір Таяу Шығыстағы кикілжіңді тоқтатудың тиімді жолдарын қарастырып, қос тараптың келіссөздер жасауына арағайындық етіп отыр. Әлемде бейбітшілік пен тұрақтылық орнатуды көздеген Қазақ билігі мен халқын мерекемен құттықтап, тың жетістіктер тілеймін.
«Әлемдік геосаясатта жетекші рөлге ие Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүше болып сайлануын үлкен жетістік», - деп есептейді сарапшылар. Ерен еңбек пен табанды ұмтылыстың арқасында қазақ елі күні кеше Страсбургте өткен жиында тағы бір белесті бағындырды. Еуропалық парламент Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасында 2015 жылы бекітілген кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді қолдап, дауыс берді.
Андрей Мамыкин, Еуропалық парламенттің депутаты:
- Қазақстан - Еуропалық Одақ үшін Орталық Азиядағы ғана емес, ғаламдағы басты саяси ойыншы ретінде өте маңызды мемлекет. Оны Еуропалық Одақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Федерика Могерини де талай айтып жүр. Сондықтан, мұндай маңызды мемлекетпен кеңейтілген келісім керек. Себебі, Қазақстан мен Еуроодақ көптеген салалар бойынша іскерлік қатынас орнатуға мүдделі әрі ол үшін тараптардың әлеуеті зор.
«Өсер ел, өркениеттен қалмайды». Қазақстанның үшінші технологиялық жаңғыруға көшуін де көпшілік терең талқылады. Жаһандану заманында елдің төл әдебиет, мәдениет, тарих, салт-дәстүрін ұмытпай, ұрпақ санасына сіңіруіне де жұрт жоғары баға берді.
Нұрсұлу ҚАСЫМ