Басты Жаңалықтар Республикалық ата-аналар форумы өтті

Республикалық ата-аналар форумы өтті

Бүгін «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында ата-аналарға арналған республикалық форум өтті. «Тәжірибе кеңістігінде – жаңа ұрпақ тәрбиесі» деп аталатын жиында балалар тәрбиесіндегі өзекті мәселелері талқыланды. Жас ұрпақтың қалыптасуында маңызды рөл атқаратын 6 құндылыққа ерекше тоқталды. Атап айтқанда, адалдық, еңбекқорлық, жауапкершілік, құрмет, отаншылдық және бірлік қағидаларының маңызы түсіндірілді. Қатысушылардың пікірінше, бұл құндылықтар баланың тұлға ретінде дамуына, қоғамда өз орнын табуына негіз болады. Жиында сондай-ақ, «мектеп – оқушы - ата-ана» арасында өзара түсіністік пен тұрақты байланыс болғанда ғана тәрбиеде де, білім беруде де оң нәтиже шығатыны айтылды. Айта кетейік, бұл шара биыл бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Форум қорытындысы бойынша, білім беруде бірізді тәрбие жүйесін қалыптастыруға бағытталған ұсыныстар практикаға енгізілмек.
Ержан Әубәкіров, «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының бірінші вице-президенті:

Бұл ата-аналар арасындағы форумды бірнеше жылдан бері, 5 жылдай болып қалды, әртүрлі форматта ұйымдастырамыз. Тақырыптар өзгереді, бірақ бұл жолғы тақырыпты біз «Адал азамат» тәрбие бағдарламасына бердік және Қазақстаннан 350-дей ата-ана келіп жатыр. Бұлар әсіресе солтүстік аймақтан келген ата-аналарымыз.
Құндызбек Әбдірасылов, ата-ана:
Өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Басты мәселе – мемлекетіміздің дамуы, ол бірден бір болашақ жарқын ұрпаққа байланысты. Бүгінгі форумның аясында бала тәрбиесі, білім беру саласы өте өзекті және әділ, әділетті Қазақстан, Таза Қазақстан және заң аясындағы мәселелер көтерілуде.

Бөлісу