Бүгін «Астана ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылу салтанаты өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін «Астана ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылу салтанаты өтеді

09.06.2017

2017 жылдың 9 маусымында «Астана ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылу салтанаты өтеді.

«Қазақстан» телеарнасы аталмыш шараны ақпараттандыра отырып, көрме аяқталғанша эфирде «ЭКСПО-2017» логотипін орналастырмақ.

Барынша масштабты түрде ақпарат тарату мақсатында «Қазақстан» РТРК» АҚ «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің ресми хост-бродкастері болды. Хост-бродкастер барлық 3 ай бойы көрме аумағынан телевизиялық және радиохабар тарататын болады.

Көрерменнің сұранысын ескере отырып, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы оқиға орнынан үздіксіз хабар таратпақ ниетте. Телевизиялық сигнал алдын ала берілген өтінімдер бойынша көрменің медиаорталығына, ҚМО және шетелдік ақпарат құралдарына беріліп отырады.

Күн сайын Халықаралық көрме аумағында 10 және 5 камера жұмылдырылған 4 ЖТС (жылжымалы телевизия стансалары), 2 МСС (мобильдік спутник стансалары), жылжымалы кейстер базасындағы 4 ЖТС жұмыс істейтін болады.

Жалпы, ЭКСПО-2017 ақпараттық сүйемелдеуді ұйымдастыруға «Қазақстан» РТРК» АҚ барлық техникасы мен 146 техникалық қызметкері жұмылдырылады.   Айта кетерлігі, live-режимде шараның ашылуы салтанатынан хабар таратуға бірнеше еуропалық және америкалық арналар өтінімдерін алдын ала беріп қойды.

«Астана «ЭКСПО-2017» бродкастингін ұйымдастырудағы басты ерекшелік – тиісті аймақтық телеарналардан бастап, халықаралық телеарналардың барлығы Көрмедегі «картинаны» тегін пайдалана алатын болады.   «Астана «ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ мен «Қазақстан» РТРК» АҚ арасында тиісті келісімшартқа 2017 жылғы 2 мамырда қол қойылды.

Көрменің ашылу салтанатын бүгін 19:00-де тікелей эфирден көре аласыздар.
 

Хабарламаларға жазылу