Ұлт жоспары. Жаңа қазақстандық арман - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлт жоспары. Жаңа қазақстандық арман

06.01.2016
Ұлт жоспары. Жаңа қазақстандық арман

Біз Тәуелсіздіктің 25-ші жылдығына жаңа қазақстандық арманмен аяқ бастық, оның басты мақсаты жүзеге асырылып жатқан «2050» Стратегиясымен пара-пар.

ХХІ ғасырдың ортасына қарай біз Қазақстанның әлемдегі аса дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуына қол жеткізуді жоспарлап отырмыз.

Бұл 2015 жылдың сәуірінде өтіп, қазақстандықтардың абсолютті көпшілігі қолдау көрсеткен кезектен тыс президенттік сайлау барысында пайда болған бүкілхалықтық арманға айналды.

Шын мәнінде, осы бүкілхалықтық сенім кепілі біздің Болашағы Біртұтас Ұлт туындауындағы тарихи акт болды.

Біз өзіміздің жаңа арманымызға қарай жақындауды Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам – Ұлт жоспарын жасаудан бастадық.

Осы жаңғыртуларға шешуші рөл беріліп отыр. Олар Қазақстанды, оның экономикасын, мемлекет пен қоғамды өзгертетін тарихи міндеттер кешенін шешуге даңғыл жол салады.

Олар планетадағы аса дамыған мемлекеттерді біріктіретін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына сәйкес келетін елді дамыту, экономикалық өсім мен барлық қазақстандықтардың өмірін жақсарту үшін жаңа лайықты жағдайлар қалыптастырады.

Біздің Қазақстанымыз серпіндірек, лайықтырақ, сенімдірек және  дәулеттірек болады.

2015 жылдың бірнеше айының ішінде ғана Бес институттық реформаның басталуын заңнамалық және ұйымдастыру тұрғысынан қамтамасыз ету бойынша орасан зор жұмыс атқарылды.

Бұл жұмыс менің Жарлығым бойынша құрылған Жаңғыртулар жөніндегі ұлттық комиссияның басшылығымен жүргізілді.

Мен бірқатар кеңес өткізіп, сарапшылармен, саясаткерлермен, бизнес және қаржы ұйымдарының басшыларымен әңгімелестім.

Халықаралық сапарларым мен кездесулерім шеңберінде мен өзімнің әріптестеріммен – өзге елдердің мемлекет және үкімет басшыларымен талай рет кеңестім.

Тұтастай алғанда, менің Қазақстанды тереңдете жаңғырту жөніндегі ой-ниетіме барлық тараптан жан-жақты қолдау көрсетілді.

Әлеуметтік сауалдамалар да Ұлт жоспарының барлық бес реформасына тұрақты жоғары қолдау көрсетіліп келе жатқанын айғақтап беріп отыр. Қазақстандықтар реформалардың уақтылы және көкейкесті екенімен бірауыздан келіседі.

Қазірдің өзінде барлық қажетті заңдар қабылданды және заңдық күшіне енді.

Парламент пен Үкімет жұмысының үйлесімділігін ерекше атап өткім келеді. Өте қысқа мерзімде жүзеге асырылған заңнамалық жұмыстардың осындай қарқыны мен сапасы бұған дейін Қазақстанда болып көрген емес.

Бұл – біздің парламенттік моделіміздің және мемлекеттік биліктің өкілетті және атқарушы тармақтарының өзара іс-қимыл жүйесінің жоғары тиімділігінің айғағы.

Ұлт жоспарын орындау бойынша практикалық жұмыстар жаңа мүмкіндіктер мен әлемдік дамудағы ықтимал тәуекелдерді есепке ала отырып, өзгермелі жаһандық жағдайларға толық сәйкес түзіліп жатқанын көру маңызды.

Бұл туралы менің 2015 жылдың 30 қарашасындағы Қазақстан халқына Жолдауымда егжей-тегжейлі баян етілген.

Бес институттық реформа Қазақстан экономикасы жаһандық экономикалық қиындықтардың күшті ықпалын сезініп отырған қазіргі кезеңде ерекше маңызды.

Біз оларды экономикалық өсімнің сенімді қарқынын қалпына келтіру мен бүкіл халыққа берік әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттің дағдарысқа қарсы кең ауқымды шараларының басты құрамдасы ретінде қарастырамыз.

Қазақстанның дамудың жоғары әлемдік стандарттарына қол жеткізуіне ықпал ететін жаңа қазақстандық заңнамалар қазірдің өзінде жұмыс істей бастады.

Сондықтан қазір қазақстандықтардың олар туралы тек біліп қана қоймай, сондай-ақ, олардың практикалық өмірде, экономикалық қызметте немесе қоғамдық қатынастарда беретін жаңа мүмкіндіктерін қолданулары маңызды.

Баршаның бойында құқықтық жаңалықтар негізінде мемлекеттік басқару мен құқық тәртібінің жүйесі қалай ауысатыны жайында барынша толық түсінік болуы тиіс. Жаңа жағдайларда бизнесті қалай дамытуға немесе мемлекеттік емес сектордың қызметін қандай перспективалы бағыттарда белсенді етуге болады деген сияқты.

Осының бәрі, тұтастай алғанда, тұрғындардың бәрінің экономикалық және азаматтық белсенділіктерін арттыруға қуатты серпін беретін болады.

Осының арқасында біз өзіміздің қазақстандық арманымызға қарай секіріс жасап, ХХІ ғасырдың ортасындағы басты мақсатымызға жақындай түсетін боламыз.

Бес реформаның әрқайсысы бойынша іс-қимылдың жол картасы жасалған және біз оларды дәйектілікпен жүзеге асырамыз.

 

Хабарламаларға жазылу