Қос марапат – ұлттық мәдениетті ұлықтаудың жаңа белесі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу жөніндегі бастамасы шығармашылық қауымның қолдауына ие болды. Өнер иелерін ұлықтау – олардың жеке шығармашылығын ғана емес, ұлттық мәдениетке қосқан үлесін мойындау. Ал мұндай марапаттарды тағайындауда әділдік пен кәсіби талаптың сақталуы айрықша маңызды, дейді өнер өкілдері.
«Шәмші Қалдаяқов» медалі – қазақ музыкасының өрісін кеңейтіп, ән өнерінің дамуына үлес қосқан азаматтардың еңбегін дәріптеуге бағытталған. Марапаттың ауқымы сахна төріндегі орындаушылармен ғана шектелмейді. Композиторлар, ән авторлары, дирижерлер, музыка саласының ұстаздары мен дарынды орындаушылар да осы құрметке лайық деп қарастырылады.
Ерлан Рысқали, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші:
Дәл осы Шәмші атамыздың атындағы медальді тағайындаудың өзі мемлекет тарапынан өнер адамдарына қолдау, қошемет деп білем. Шынайы мына біздің мына еліміздің мәдениетін ел арасында әрі халықаралық деңгейде дәріптеп жүрген өнер адамдарына берілуі керек деп есептеймін.
Ал «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағы бейнелеу өнеріндегі кәсіби шеберлік пен шығармашылық даралықты бағалауға жол ашпақ. Бұл, әсіресе, көпшілік назарынан тыс қалып жүрген суретшілер мен жаңа ізденіске ұмтылған жас буын үшін маңызды.
Жарты ғасырға жуық уақытын шығармашылыққа арнаған суретші, мүсінші Тілеужан Батанов марапатқа үміткерлерді іріктеуде еңбек өтілімен қатар, халықаралық көрмелерге қатысуы, кәсіби шеберлігі ескерілуі керек,- дейді. Өйткені, суретшінің шынайы бағасы оның атағымен ғана емес, туындысының көркемдік құндылығымен өлшенеді,- дейді.
Тілеужан Батанов, ҚР Мәдениет қайраткері, суретші, мүсінші, профессор:
Мемлекеттік көрмелер болады, шет еледе көрмелер болады. Сондай көрмелерге қатысу керек, сол кезде сурет өнеріне көп еңбек еткен адамдар керек, көп жылдар бойы. Себебі, көп суретшілер шеберханадан шықпайды. Біз көп марапатқа жүгірмейміз да, біз енді тек жұмыс істей беретін халықпыз. Сол үшін көп суретшілерге жақсы әсер етеді деп ойлаймын.
Иә, қос марапат та өнер адамының еңбегін бағалап қана қоймай, қоғамда кәсібилік пен шығармашылыққа деген құрметті арттырады. Құрылтай депутаттары да бұл бастаманың тәрбиелік мәніне тоқталды.
Екатерина Смолякова, ҚР Құрылтайының депутаты:
Тәрбиелік мәні зор наградалар. Өйткені біздің еліміздегі өнер азаматтары, осы саланың майталмандары, қаншама жылдар еңбек етіп, мысалы әрбір туындының артында, әрбір шығарманың артында жылдарға созылған ұзақ ізденіс, толғаныс, еңбек, өзінің еңбегіне, кәсібіне деген шексіз сүйіспеншілік жатыр. Ол, әрине, еңбек адамы. Біздің Президентіміз әрқашанда еңбек адамы, кәсібилікке, шеберлікке үлкен мән береді және де осы наградалар соның айқын бір көрінісі деп көремін.
Алдағы уақытта үміткерлерді Құрылтай, Үкімет,
министрліктер, мемлекеттік органдар мен ұйымдар, сондай-ақ еңбек ұжымдары ұсына
алады. Ал түпкілікті шешімді Мемлекет басшысы қабылдайды. Шығармашылық қауымның
пайымынша, бұл бастама ұлттық мәдениеттің дамуына жаңа серпін береді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы