Басты Жаңалықтар Президент Каспий маңы елдерінің ғылыми әлеуетін біріктіруге шақырды

Президент Каспий маңы елдерінің ғылыми әлеуетін біріктіруге шақырды

Осыдан кейін Авазада Каспий жағалауындағы бес елдің басшылары алғаш рет экология мәселесіне арналған саммит өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев теңіздің тартылуы табиғатқа ғана емес, өңір экономикасына да қауіп төндіріп отырғанын айтты. Соңғы 25 жылда Каспийдің суы шегінген аумақ 16 мың шаршы шақырымнан асты. Кей жерлерде теңіз жағалаудан ондаған шақырымға алыстаған. Бұған климаттың жылынуы, өзен суларының азаюы және адам әрекеті әсер етіп отыр. Су деңгейінің төмендеуі порттарға, кеме қатынасына және балық шаруашылығына кері әсер етеді. Соңғы ғасырда Каспий итбалықтарының саны бір миллионнан 270 мыңға дейін азайған. Президент Арал қасіретінің қайталануына жол бермеуге шақырды. Қазақстан Солтүстік Аралдың айдынын 36 пайызға ұлғайтып, осы тәжірибені Каспийді қорғауға пайдалануды ұсынып отыр. Саммитте бес ел Қазақстанның теңіз суын сақтау жөніндегі ортақ бағдарлама әзірлеу бастамасын мақұлдады. Еліміз Әзербайжанның үкіметаралық комиссия құру ұсынысын да қолдады. Мемлекет басшысы ғылыми зерттеулерді біріктіріп, теңізді сақтаудың ортақ жоспарын жасауды ұсынды. Сондай-ақ Каспийді спутниктік технологиялар мен жасанды интеллект арқылы бақылайтын цифрлық жүйе құру бастамасын көтерді. Бұл теңіз деңгейінің өзгеруін, ластануын және жануарлар дүниесінің жағдайын тұрақты бақылауға мүмкіндік береді. Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық жобаларға халықаралық қаржы тартып, Каспийдің табиғи байлығын бес елдің бірлесіп қорғауы қажет екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Каспий – бірегей табиғи қазына, миллиондаған адамның тіршілік көзі, күллі Еуразия құрлығындағы негізгі көлік және энергетика торабы. Сондықтан теңіз экожүйесін сақтауға, ең алдымен, біздің мемлекеттеріміз мүдделі болуы керек. Осы орайда, мұны тек экологиялық дағдарыс емес, салдары өте қауіпті экономикалық ахуал деп бағалаған Иран Президенті Масуд Пезешкиан мырзаның пікірін құптаймын. Егер қазір жедел әрі батыл шаралар қабылданбаса, экологиялық жағдай күрт нашарлауы ықтимал. Бұл Каспий маңында орналасқан елдердің халқына ғана емес, әлемдік қоғамдастыққа да зардабын тигізеді. 2000 жылдан 2025 жылға дейін тартылған теңіз аумағы 16 мың шаршы шақырымнан асты.

Бөлісу