«Әділет» партиясы Алматыдағы жаңа экологиялық бастамаларды қолдады
Алматыда «Әділет» партиясының қалалық филиалы жанынан Өңірлік экологиялық кеңес құру бастамасы көтерілді. Жаңа кеңес қаладағы экологиялық мәселелерді шешу үшін сарапшыларды, қоғам өкілдері мен бизнес қауымдастығын біріктіруді көздейді.
Бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың
бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық
акциясы аясында талқыланды. Кездесуге партия, Қазақстан Халық Кеңесі, Алматы
қаласының Қоғамдық кеңесі, экологиялық қауымдастық пен қоғамдық ұйымдардың
өкілдері қатысты.

Жиында кеңестің негізгі міндеттері айқындалды. Атап айтқанда, экологиялық мәселелерді анықтау, оларды шешу жолдарын ұсыну және табиғатты қорғауға бағытталған бастамалардың жүзеге асуына ықпал ету мәселелері қаралды.
«Әділет» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров экологиялық мәселелерді шешу үшін жүйелі жұмыс қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа кеңес ортақ мақсат жолында түрлі сала өкілдерін біріктіріп, нақты шешімдер әзірлеуге және олардың орындалуын бақылауға мүмкіндік береді.

Кездесу барысында EcoNetwork экологиялық жобасы да таныстырылды. Жоба негізін қалаушы Евгений Мухамеджанов қалдықтарды бөлек жинау және сұрыптау, қажетті инфрақұрылымды дамыту, цифрлық технологияларды енгізу бағыттары туралы баяндады. Жоба тұрғындардың экологиялық сауатын арттырып, бизнес пен қоғамдық ұйымдарды қоршаған ортаны қорғау жұмысына тартуды көздейді.
«Экологиялық жауапкершіліктің күнделікті өмір салтының ажырамас бөлігіне айналуы маңызды», – деді Евгений Мухамеджанов.

Экологиялық бастаманың аясында «Әділет» партиясының
Алматы қалалық филиалы ғимаратының алдында қалдықтарды бөлек жинауға арналған
арт-нысан ашылды. Ол қалдықтарды сұрыптау мәдениетін қалыптастыруға және
тұрғындардың қоршаған ортаға ұқыпты қарауына назар аударуға бағытталған.

«Әділет» партиясы «Таза Қазақстан» бастамасы аясында экологиялық жобаларды қолдауды жалғастырады. Партия қоршаған ортаны қорғау мәселелерін шешуге қоғам өкілдерін, сарапшылар мен бизнес қауымдастығын тартуға бағытталған ұсыныстарды қолдайды.

Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы