«Көкжайлау» құрылысы кейінге қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Көкжайлау» құрылысы кейінге қалды

14.04.2019

«Көкжайлауға» қатысты әңгіменің көбесі сөгілгелі қашан? Көпшілік қарсы. Ал, көздегендері тұралаған туризмге тың серпін береді деп, пайда көксегендердің көкейі сол көпшілікті көндіріп әлек әйтеуір. Бірақ осы аптада «Көкжайлау» жобасына қатысты көптен бері айтылып келе жатқан мәселеге көп нүкте қойылып, жоба құрылысы кейінге сырылды.

Мемлекет басшысы Twitter-дегі парақшасында былай деп пікір қалдырды: «Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек сарапшылардың бағалауы мен қала тұрғындарының пікірін зерттеп, зерделеу үшін «Көкжайлау» тау-шаңғы курортының жобасын кейінге шегеруді ұсынды. Менің ұсынысым бойынша қабылданған бұл шешімді қолдаймын. Мұндай маңызды мәселеде асығыстық танытуға болмайды», - деп жазды Президент. Осылайша көптің көңілін күпті еткен «Көкжайлаудың» құрылысы уақытша тоқтады.

Жалпы, бұл шатқалға шаңғы курортын салу туралы әңгіменің құлағы сонау 2002 жылы қылтиған. Алматы билігі оның тау экожүйесіне зиян келтірмейтінін айтады. Пікірлерінше, жоба туризмді дамыту үшін өте маңызды. Ал, Көкжайлауға курорт салуға қарсы қоғамдық экологтардың шағымы бойынша сотта бес іс қаралды. Прокуратураға жиырмадан астам арыз түскен. Экологтар мен тұрғындардың өре түрегеліп, жобаға қарсы шығуына негіз бар. Көкжайлау - Іле-Алатау табиғи паркінде жатқан шатқал. Қаладан 10 шақырымда жатыр. Алматылықтардың алаңсыз тынығатын орындарының бірі. Көлемі 42 мың гектар. «Қызыл кітапқа» енген өсімдіктердің - 17, құстардың - 13, сүтқоректілердің - 8 түрі бар. Міне, табиғат жанашырлары осы жауһарлар жоғалып кете ме деп алаңдайды. Осылайша қоғамдағы пікір әлі де қақ жарылып тұр. Тілшіміз Аманкелді Сейтхан тараптардың ойын тыңдап, Көкжайлауға барып, қазіргі жағдайды көзімен көріп қайтты.

Хабарламаларға жазылу