Қол жұмылмай, жылынбайды... Ақылды нақыл. Алыстан аңдысқан алмағайып заманда қазаққа керегі – бірлік, тыныштық. Ішкісі де, сыртқысы да маңызды. Әлемдегі кірпігінен қырау тамған азулы үш империяның екеуі іргемізде жатыр. Даңғайыр дала, керіле көсілген кең аумақ, 14 мың 500 шақырымға созылған шекараның бүтіндігін сақтау үшін кіммен болса да, дос болған абзал. Шаңырағың шайқалмасын десең, ішкі татулықты да сақтай білу ләзім. Ел-жұрт, үлкен-кіші болмашыға өкпелеп, бір-біріне қырын қараса, алты бақан ала ауыз болса, бастан бақтың тайғаны. Ішкі тұтастығына сызат түсіп, іріп-шіріген мұндай елдерге - маңайда мысал көп. Осы аптада елдегі «бейбітшілік», «бірлік» ұғымдарының синониміне айналған Ассамблеяға мүше қауым 26-шы рет бас қосты. Мемлекет басшысы төрағалық еткен алқалы жиынның тақырыбы өзекті. «Бес әлеуметтік бастама - қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры». Иә, халықтың қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болған кезде ғана қуатты мемлекет құруға болады. Тұрғындардың күдер үзбеуі үшін тұрмысын түзеуі үшін үкіметтен 2 трлн. 600 млрд. теңге бөлінетін болды. Бес бастаманың ішіндегі көпшіліктің көңілін тоғайтып, көкейінен шыққаны - баспанамен қамту жайындағы жоспар. «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы қарапайым халықтың қалтасына лайықты түзіліп отыр. Бұған әрбір қазақстандықтың қатысуға қауқары жетеді. Алдымен тек ақшаны үнемдеу жолын үйрену керек. Бастаманы жүзеге асыру үшін Ассамблея мүшелері де ат салысатын болды. Оған бөлінетін 2 трлн. 600 млрд. теңгеге қадағалау жұмыстарын жүргізіп, мемлекеттің әр тиынының мақсатты жұмсалуына бақылау жасай алады. Жиында Президент тағы қандай міндеттер жүктеді, алда қандай жобалар жүзеге асады?
Шынар АСАНҚЫЗЫ