Басты Жаңалықтар Шымкентте газоблок өндірісіне жаңа технология қолданыла бастады

Шымкентте газоблок өндірісіне жаңа технология қолданыла бастады

Шымкенттегі «Sauran Bricks» зауыты – құрылыс индустриясын дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жоба. Құны 7,8 миллиард теңге болатын кәсіпорында жылына 200 мың текше метр экологиялық таза газоблок өндіріледі. Өндіріс толық автоматтандырылған, барлық процесс неміс технологиясымен басқарылады.

Ернұр Уәлихан, тілші:

Біз дәл қазір «Сауран Брикс» зауытының цехында тұрмыз. Мұнда газоблоктар неміс технологиясымен автоматтандырылған желіде өндіріледі. Ал мынау жаңа автоклавтан шыққан газоблоктар. Барлық процесті роботтар атқарады, ал адам тек бақылаушы ретінде қатысады.

Қайсарбек Махамбетов, зауыт директоры:

Бізде өзіміздің компаниямызда зауыттың ішінде орналасқан зертхана бар. Зертханадан өткіземіз, сапасы өте жақсы, жоғары деңгейде. Лицензиялардың барлығын толықтай алдық. Стандарттан өттік. Қырғызстанға бостан-босқа өткізбейді ғой.

Зауытта жылына 200 мың текше метр өнім өндіріліп, өңірлер мен көрші Қырғызстанға экспортталады. Кәсіпорын іске қосылғалы жүзден аса жаңа жұмыс орны ашылып, құрылыс саласына серпін берді.

Бекзат Әбдірашит, жұмысшы:

Бұл жерде физикалық тұрғыда адам ешқандай жұмыс істемейді. Тек компьютермен басқарамыз. Мысалы, бізде салмағы ауыр заттар бар ғой, 30 тоннаға дейін. Тышқанның көмегімен бір рет басып көтеріп, бір рет басып түсіре саламыз. Осы сала бойынша жастар білім алса, шетелден адам шақыртқанша, өзіміз осы саланы дамытсақ.

Sauran Bricks – KEDA компаниясының Қазақстандағы алғашқы зауыты. Қытайдың әлемге белгілі бренді жабдықтаған желіде газоблок өндірісі толық автоматтандырылған. Өнім экологиялық таза, жылу сақтау қасиеті арқасында энергия үнемдейді. Барлық кезең заманауи стандарттарға сай бақыланады.


Бөлісу