Басты Жаңалықтар Қостанай облысының Құсмұрын кентінде жылу мәселесі шешілмей тұр

Қостанай облысының Құсмұрын кентінде жылу мәселесі шешілмей тұр

Қостанай облысының Құсмұрын кентінде қыс түспей жатып көпқабатты үйлердің тұрғындары тоңып отыр. Себебі жылу мардымсыз. Тұрғындар қыс қаһарына мініп арқаның аязы күшейгенде жағдай мүлде қиындай ма деп қауіптенеді. Өңірдегі тілшіміз мәселенің мән-жайын біліп қайтты.

Мәдина Нағашыбай, тілші:
Құсмұрын ауылы тұрғындарының қазіргі тұрмысы осындай. Суық үйден береке қашқан. Бір бөлмені жылытып тұруға мәжбүр. Артық затты осылай жиып қойған. Еден ызғар. Жылу батареялары тастай суық.
Светлана Галутова 20 жылдан астам уақыт осы 4 бөлмелі пәтерде тұрып келеді. Алайда қазір соның тек аядай жерін паналап отыр. Ас үй мен жатын бөлме азынап тұр.
Светлана Галутова, Құсмұрын ауылының тұрғыны:
Биыл үшінші жыл қатарынан үйдегі батареялар жылу шашпайды. Сол жылы екі бөлмеде ғана тығылып отырмын. Кейде оның өзі істемей қалғанда, тоқ пешті қосамын.

Жанат Кенжетаева, Құсмұрын ауылының тұрғыны:
Жылыту маусымы басталғалы үйіміз суық болды. Күнде суын төгіп, ауасын шығарамыз. Батарея тастай. Екі бөлме тастай, қалған жақта қанжылым. Сосын қызым осы ауылда тұрады, сол үйге барып тұрдым. Үйде қона алмадық.

Анастасия Чайкина, Құсмұрын ауылының тұрғыны:
Менің бір жасар балам бар. Жертөледегі құбырды үш жыл бұрын ауыстырдық. Сонда да үйіміз бірде жылы, бірде суық. Сондықтан осы мәселені шешу үшін сауалнама да жүргіздім. 70 адам қол қойды. Яғни, осынша адамға бұл ортақ мәселе.
Бұл үйлердегі қаңырап бос қалған пәтерлер де жағдайды ушықтырып тұр. Иесі болмаған соң ондағы құбырлардың ауасын шығарып, ақауын ешкім жөндемейді. Әулиекөл ауданының әкімдігі арнайы комиссия құрып, 4 көпқабатты үйдің жылу жүйесін тексерген. Айтуларынша, бар мәселе – жертөледегі желінің тозып, құбырлардың бітеліп қалғанында. Ал орталықтағы қазандықтар талапқа сай жұмыс істеп тұр.
Петр Белов, «Құсмұрын ОЭК» МКК басшысының м.а.:
Біздің міндетіміз – жылуды орталықтан тек көпқабатты нысандарға дейін жеткізу. Ал осы негізгі құбырдан пәтерлерге апаратын жылу желісі жеке меншік иелігінде. Орталықтан келетін құбыр көрсеткіші нормаға сай, 60 градусты көрсетіп тұр.
Әсет Бекеш, Әулиекөл ауданы әкімінің орынбасары:
Бұл мәселені тұрғындар мүлік иелерінің бірлестігі немесе жай серіктестік құру арқылы шешуі тиіс. Сол ұйымнан бөлінген қаражат арқылы оқылықтар жөнделеді. Сондай-ақ тексеріс барысында жауапты мекемені ескертпестен еден жылыту жүйесін орнатқан пәтерлер анықталды. Ол дұрыс өткізілмесе, жылудың таралуына кедергі келтіреді.
Мамандардың айтуынша, бұл көпқабатты үйлер 70-жылдары салынған. Инженерлік желісі содан бері жөнделмеген. Пәтерлер жекенің меншігінде болғандықтан, оны жөндеуге мемлекеттен қаржы бөлу заңсыз. Сондықтан мәселенің бәрі айналып келгенде тұрғындардың өздеріне тіреледі. 


Бөлісу