Ұлттық өнерді жандандырған шебер Жезқазғанда тұрады
Жезқазғанда батырдың бес қаруын жасап, кіреуке сауытты келістіре тоқып, қамшы мен жүген өретін хас шебер бар. Ұлттық мұраны ұрпаққа насихаттап жүрген Ерғазы Исатаевтың қолынан шыққан құнды жәдігерлер қазір мұражай төрінде. Шебердің туындылары көшпелі елдің тағлымды тарихы, мәдениеті мен дәстүрінен сыр шертеді.
Қанда бар өнер қамсыз пендені тыныш қоймайды. Кейіпкеріміз де сүйекке сіңген шеберлікті 40 жыл бойы шыңдап келеді. Қазақтың 5 қаруынан бастап, ұлттық мұраның барлығын өз қолымен жасап шығарған.
Ерғазы Исатаев, шебер:
Әр заттың, материалдың өз мінезі бар. Оны білу керек. Білмесең, ештеңе шықпайды. Соңғы жасап шығарған туындым садақ болды. Оның өзін 2 ай жасадым.
Шебер садақтың негізін тауешкі мүйізінен жасаған. Оны арнайылап, шетелден алдырған көрінеді. Енді бұл туындысын көрмеге сары майдай сақтап отыр. Бұған дейін Ерғазы Исатаев қазақ мәдениетін Ресей, Франция, Оман, Түркия елдерінде паш еткен.
Ерғазы Исатаев, шебер:
Ұстазды шәкірттің өзі іздеп келуі керек. Көбі жасаған затың өтуі керек деп мақсат қояды. Бірақ олай болмауы керек. Адам жасағаннан кейін шын ниетпен, жүректен шыққаннан соң сатқың да келмей қалады.
Сатқысы келмеген салмақты туындылары облыстық мұражайдың төрінде сақталып тұр. Ерғазы Исатаев тек шебер ғана емес, қайта қалпына келтіруші, реставратор. Бүгінде 100-ден аса көне жәдігерлерді бәз қалпында сақтап, кейбірінің айна қатесіз көшірмесін жасап шығарған.
Зағира Қалменова, облыстық тарихи-археология музейінің директоры:
Мен ол кісіге былай баға беруші едім - қолданбалы өнердегі талантты хас шебер. Себебі ол кісінің қолынан шыққан туындылары еліміздегі біршама музейлерге қойылған. Елімізде екі суретші-реставратор болса, соның бірі - Ерғазы Кеңесұлы.
Қазақ ағаштан түйін түйген жанды ұста, металдан зер жасаған жанды зергер, тері мен қайыстан іс жасайтын адамды ысшы деп атайды. Ал бұл қасиеттердің барлығы кейіпкеріміздің бойынан табылады. Енді шебер осы бір құнды өнердің құнын түсірмей, келешек ұрпаққа мұра етуді арман етеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы