Осы аптада дүниенің дидарын өзіне бұрған тағы бір үлкен оқиға – ол сөзсіз, қос Кореяның табысуы. 1945 жылға дейін Жапонияның отары болған Кореяны екінші дүниежүзілік соғыста Жапония жеңілгеннен кейін АҚШ пен Кеңес одағы теңдей бөліп алған еді. Екі алпауыттың саяси һәм әскери ықпалымен 1948 жылы бүтін ел, тұтас ұлт қақ жарылып, екіге бөлінді. Сөйтіп, бір-бірімен ат құйрығын кесісіп, талай жыл жүз шайысып келген Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея осы жұмада бір-біріне құшақ жайды. Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын 27 сәуір күні таңертең Оңтүстік Кореямен шекарадағы әскери күзеті күшті демаркация сызығынан өтіп, осы ел президенті Мун Чжэ Инмен кездесті. Бір анығы, 1953 жылы Корей соғысы аяқталғаннан бері Солтүстік Кореяның бір де бір басшысы Оңтүстік Корея шекарасына қарай өтпеген. «Екі ел арасында енді соғыс болмайтынын және «бейбітшіліктің жаңа дәуірі» басталатынын мәлімдеген Мун Чжэ Ин таяу уақытта Пхеньянға сапарлап баруға ниетті екенін айтты. Бұл сапар биыл күзде болуы мүмкін. Ал, Солтүстік Корея басшысы болашақта екі ел бірігеді деп үміттенетінін жеткізді. Екеуі бірлескен мәлімдеме қабылдап, екі ел арасындағы «жаулық пиғылдағы кез-келген әрекеттерді тоқтату», екі ел шекарасындағы қарусызданған аймақты «бейбітшілік аймағына» айналдыру, шекарадан өтетін көлік жолы мен теміржолдарды біріктіріп, жаңалау, спорт жарыстарына екі елдің бірге қатысуы туралы келісімге келді. Бұған қоса, екі ел Солтүстік Кореяның Гезонг провинциясында «біріккен байланыс кеңсесін» ашуға келісті. Ол кеңсе «қос елдің билігі арасындағы байланысты жақсартып, жақын диалог орнатуға септеседі» делінген. Қос лидер тарихи саммиттен кейін Корей түбегін ядролық қарудан арылтуда бірге жұмыс істеуге келісті.
Индира БЕГАЙДАР