Елбасы осы аптада Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышевті қабылдады. Жалпы, қаржы нарығындағы жағдай қараша халық үшін маңызды. Жаһан елдеріндегі қаржылық қиындыққа қарап, «біз де килігіп жүрмейміз бе?» деп ойды сан-саққа жүгіртетіні анық. Ішкі-сыртқы қарыз қалай болып жатыр, банктердегі ахуал қалай, Ұлттық қорда қанша ақшамыз бар, бұл жасырын емес, жалпақ жұрт білуі тиіс дүние. Дегенмен, алаңдайтындай мәселе жоқ тәрізді. Президентке қаржы нарығындағы ахуалды баяндаған Ақышевтің сөзіне сенсек, еліміздің банк резервтері былтыр 3 пайызға өсіп, 31,7 миллиард АҚШ долларына жетті. Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтері 58,3 миллиард АҚШ долларына теңескен. Ақышевтің есебіне сәйкес, былтыр инфляция деңгейі 7,1 пайыз болып, жыл соңында алтын валюта қорының көлемі 30,7 миллиард АҚШ долларына жеткен. «Бұл біздің биылға белгілеген бестен жеті пайызға дейінгі аралықтағы жаңа өлшемімізге еніп отыр», – деді Данияр Ақышев. Кездесуден соң Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді.