Желтоқсандағы ресми аталып өтетін үш мерекенің екеуінің саяси мәні бар. Бірі Қазақ елінің Тәуелсіздігін жариялаған 16 желтоқсан болса, екіншісі - желтоқсанның алғашқы күнінде аталып жүрген Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні. 1991 жылы Қазақстан өзінің тұңғыш президенті етіп Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты сайлаған еді. Содан бері міне, ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Осы жылдар аралығында өткен бірнеше Президент сайлауында Назарбаев өз бәсекелестерін едәуір басымдықпен жеңіп келеді. Ал соңғысында тіпті 97 пайыздан астам дауыс жинады. Халық жаңа Президентті сайлап, елең-алаң күй кешіп, беймәлім өзгерістерге жол бергенше, ескі, бұрыннан таныс адамның ел басқарғанын қалап отыр. Ол да дұрыс шығар. Тәуелсіздікке енді қол жеткізген жылдары ішкі және сыртқы саясатта бірізділік қажет болды. Сол үшін де елде Президенттік басқару жүйесі енгізілді. Бұл саяси жүйе көп ұлттың диаспоралары шоғырланған мемлекеттің бейбіт татуластық пен ынтымақтастық қалыпта дамуына мүмкіндік берді. Осы уақыт ішінде Армения мен Әзірбайжан арасындағы, Балтық жағалауы елдеріндегі, тіпті, Ресейдегі Шешен жанжалдары секілді ұлттық негіздегі араздыққа жол берілген жоқ. Ішкі экономика едәуір түзелді. Тұрақты өсім үнемі байқалып отырды. Алайда, уақыт өте келе заман талабы да өзгереді. Оны еліміздің тұңғыш Президенті алғашқылардың қатарында сезді. Сол себепті де биылғы жылдың бірінші жартысында елде саяси реформаларды бастап кетті.
Өз қалауымен өз билігін өзі шектеп, бірқатар президенттік функцияларды заң шығарушы және атқарушы биліктерге жүктеді. Оған қоса, елдің рухани жаңғыруын қамтамасыз етуге бағытталған реформалардың жиынтығын ұсынды. Елді жаңа әліпбиге көшіру жөніндегі тарихи құжатқа қол қойды. Бұл да болса мәңгілік елдің болашақтағы саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына алғаш Президенттің қосқан үлесі деп білгеніміз жөн. Қазақстанның алғаш Президентінің елмен бірге өткізген ширек ғасырына тілшіміз Айбек Қобдабай көз жүгіртіп көрсін.
Айбек ҚОБДАБАЙ