Елордада Сириядағы соғысты тоқтатуға қатысты алғашқы келіссөздер өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада Сириядағы соғысты тоқтатуға қатысты алғашқы келіссөздер өтті

29.01.2017
Екі күн бойы әлем назары Алаштың бас қаласына ауды. Шетел журналистері Астанадан алты құрлыққа жедел ақпарат таратты. Төркүл дүниеге халықаралық келіссөздің барысын жеткізу үшін бейбітсүйгіш елге 25 мемлекеттен 300-ден астам ақпарат құралының өкілдері келді.

Айрандай ұйыған Сирия елінен береке қашып, алты жылда тоз-тозы шықты. Таяу Шығыста мылтық түтіні сейілмей тұр. Сирия соғысы - аймақтық емес, жаһандық мәселеге айналып, мүдделер тектіресіне ұласты. Күн сайын қираған қала мен жайраған адамдар саны артуда. Бұл аздай, Таяу шығыс халықаралық террорлық ұйымдардың ұясына айналды. Сондықтан жыл өткен сайын күрмеуі күрделеніп бара жатқан шиеленіске жедел шешім қажет.

Мәміле іздеп келгендерге Мемлекет басшысының сәттілік тілеп, арнайы жолдаған хатын Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов оқып берді.

Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі:
Қазақстан бейбітсүйгіш мемлекет және Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Таяу Шығыс өңірінде қауіпсіздік пен тұрақтылықтың орнауына және нығаюына мүдделі. Бүгінгі басқосу халықаралық қоғамдастықтың Сириядағы жағдайды бейбіт түрде реттеуге бағытталған жігер-ынтасының айқын көрінісі болып табылады. Қазақстан Сириядағы жағдайды реттеудің жалғыз дұрыс жолы өзара сенім мен түсіністікке негізделген келіссөздер болуы қажет деп санайды.


Ержан ҚАЛЫМБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу