Сириядағы бесінші жылға созылған соғысты қалай тоқтатуға болады? (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сириядағы бесінші жылға созылған соғысты қалай тоқтатуға болады? (ВИДЕО)

01.11.2015
Сириядағы бесінші жылға созылған соғысты қалай тоқтатуға болады? (ВИДЕО)
Енді Таяу Шығыстағы жағдайға ойыссақ. Бұл аймаққа қазір әлем назары ерекше.

Бір ай бұрын заңсыз қарулы топты жоямыз деп, араб республикасында Ресей де әуе операциясын бастады. Ал, Америка ұшақтарының Сириядағы содырларды бомбалап жатқанына бір жылдан асты. Алайда, қос ел сан мың снаряд тастаса да, радикалдық ұйым әлі де қауқарлы.

Жалпы, бұл мемлекетте бесінші жылға созылған соғысты қалай тоқтатуға болады? Бұл проблеманы осы аптаның соңында әлемнің 20-ға жуық мемлекетінің бас дипломаттары Венада талқылады. Мәміле қабылданды.

Бірақ, бір мәселеде үшін министрлер ортақ келісім жасай алмады. Көптеген бақылаушылардың ойынша, бұл жиынның өтуінің өзі үлкен жетістік. Өйткені, онда сүнниттік Сауд Арабиясы мен Башар Асадты қарумен, қаржымен де қолдап келе жатқан шииттік Иран дипломаттары бір үстелдің басында отырды.

«Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, Тегеран тіпті Сирияда жарты жылдық өтпелі кезең, яғни, атысты тоқтатуға берілген уақыт аяқталғаннан соң, Асадты биліктен кетіруге қарсы еместігін аңғартқандай. Не де болса, келіссөздер процесі басталды. Оның алғашқы қорытындылары қандай?

Венада 19 мемлекеттің Сыртқы істер министрлерінің басын қосқан жиын жұмадан сенбіге қараған түні аяқталды. Жарты сағаттық үзілісті қосқанда, келіссөздер 7 сағаттан артық жүргізілді.

Конференция соңында жарияланған ортақ мәлімдемеде Сирия президенті Башар Асад үкіметі мен оппозиция арасында жаңа кездесу өткізу қажеттігі айтылған. Бірақ, сол кездесуге дейін араб елі барлық аумағында қантөгіс тоқтатылуы керек.

Австрия астанасындағы диалогқа Ресей, АҚШ, Сауд Арабиясы, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Катар, Иордания, Германия, Франция, Мысыр, Ұлыбритания, Ирак, Ливан бас дипломаттары қатысты. Оларға соғысты тоқтату туралы келісім жасауға «Асад кетуі керек» деген үш сөз кедергі болып отыр.

Джон Керри, АҚШ Мемлекеттік хатшысы:

Сергей Лавров пен Иран сыртқы істер министрі Зариф және біздің арамызда келіспеушілік бар. Құрама Штаттар президент Асадқа бұл процесте жол жоқ деген позицияны ұстанып отыр. Мен Сирия халқына түрлі таңдаудың қажеттігіне сенеміз.


Енді келіссөздер соңында қабылданған қорытынды коммюникеге тоқталсақ. Оған сәйкес, Сирияның барлық аумағына гуманитарлық көмек жеткізуге мүмкіндік жасалуы керек.

Екіншіден, «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы жойылуы тиіс. Үшіншіден, Сирияда зайырлы мемлекет сақталады.

Төртіншіден, жанжалды тоқтату жолындағы дипломатиялық іс-әрекеттер жиілейді. Бесіншіден, Асад пен оппозиция халықаралық конференцияда жүздеседі.

Алтыншы, Сирияда барлық халықтың мүддесін ескеретін жаңа өтпелі үкімет құрылады. Жетіншіден, Сирияда саяси тұрақтылық халықтың қатысуымен орнауы міндет.

Ал, өзге мемлекеттер бұл процестердің орындалуын қадағалап отыруы тиіс. Сонымен қатар, коммюникеде «Ислам мемлекетімен» ымыра туралы келісім жасалмайтыны ескертілген.

Сергей Лавров, Ресей Сыртқы істер министрі:

Біз атысты тоқтату туралы мәселелерді саяси процестермен бірге талқыладық. Біріккен Ұлттар Ұйымымен кеңесе отырып, соғысты доғару туралы келісімге террористік ұйымдар қатыстырылмауы керек деген ұйғарымға келдік.

Сирия президенті Башар Асадтың тағдыры не болады? Сүнниттік Сауд Арабиясының талабына жүгінсек, оған енді билікте орын берілмеуі керек.

Алайда, шииттік Иран мен Ресей үшін Асад – араб әлеміндегі жалғыз одақтас және халық сайлаған заңды басшы. Сондықтан, Иран Сыртқы істер министрі Джавад Зариф те, Лавров та Сирия президентін жаңа саяси процестерден аластату - қателік деп есептейді.

Ал, АҚШ-тың, Еуропа одағының және олардың араб одақтастарының ойынша, Асад басшылықтан баяғыда кеткенде, Сирияда мұнша қан төгілмес еді, «Ислам мемлекеті» үлкен күшке айналмас еді.

Дегенмен, Венадағы келіссөздер Асадтың тағдырын шеше алмаса да, Сирияда соғысты тоқтату жолындағы келіссөздерді бастауға жол ашты, мүдделі тараптарды басын қосып, бетпе-бет жүздестірді.

Федерика Могерини, Еуропа одағының Сыртқы істер жөніндегі жоғары өкілі:

Мен мына жайтты атап өткім келеді: бұл кездесу оңай өткен жоқ. Алайда, оған тарихи деген баға берер едім. Өйткені, барлық тараптар бір үстелдің басында жиналып, ашық сөйлесе білді.

Джон Керри Австрия астанасында Сириядағы соғысты тоқтату мәселесін талқылап жатқанда, президент Обаманың Сирияға арнайы операция жүргізуге арналған 50 шақты жауынгер жіберетіні анықталды.

Мұны Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джош Эрнест хабарлап отыр. Эрнестің сөзіне қарағанда, америкалық сарбаздар «Ислам мемлекетімен» соғыста Сирия оппозициялық күштеріне «кеңес береді, көмектеседі, жаттықтырады».

Ал, Пентагон басшысы Эштон Картердің айтуынша, Сирияға жөнелтілетін командостың саны келешекте артуы да ғажап емес. Соған қарағанда, Обаманың Сирияға қатысты позициясы өзгеріске ұшырай бастады деген болжам бар.

Өйткені, 2013 жылы халыққа үндеуінде Обама «Сирия жеріне Америка солдатының аяғы тимейді» деп ескерткен-ді. Дегенмен, Ақ үй өкілінің мәлімдеуінше, Вашингтонның стратегиясы – бүгін де сол қалпында.

Джош Эрнест, Ақ үйдің баспасөз хатшысы:

Біздің стратегиямыз өзгерген жоқ. Әскери саясатымыздың мақсаты – жергілікті күштердің «Ислам мемлекетімен» күресте әлеуетін көтеру. Әрине, осы шешімге байланысты кейбір детальдар бар. Алайда, оларды көпшілік алдында талқылауға құқығым жоқ.

Қазанның 30-ында Ресейдің Сирияда әуе операциясын бастағанына тура бір ай толды. Осы уақыт ішінде Мәскеу жіберген ұшақтар 1391 рет аспанға көтеріліп, «террористердің» 1623 нысанын жойған.

Олардың ішінде байланыс орталықтары, 51 әскери жаттығу лагері, бақылау пунктері бар. Сонымен қатар, қарулы топтардың 28 лидері өлтірілген.

Ресей қорғаныс министрлігінің мәліметінше, авиациялық шабуылдардан жердегі жағдай да өзгерді. Алайда, халықаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, орыс ұшақтары қанша көмектессе де, Сирияның жаяу әскері айқын басымдық байқата алмай отыр.

«Бірлескен операция сәтсіздікке ұшырады деуге әлі ерте. Бір ай күте тұрайық», дейді бірқатар бақылаушылар.

Олардың пікірінше, Асадқа бұрынғы Сирияны қайтару мүмкін емес. Сондықтан, президент өзгелермен келіссөз жүргізуі керек.

Махмұд Мараис, Сирия ұлттық демократиялық қозғалысының бас хатшысы:

Саяси шешім қабылдауымыз керек. Өйткені, авиациялық соққымен, әскери операциямен Сирияны дағдарыстан шығара алмаймыз. Бұл соғысты сириялықтар өзара келісіп қана тоқтата алады.

Ресей әуе күштері мен Сирия әскері Батысқа арқа сүйеген көтерілісшілермен елдің екінші ірі қаласы - Алеппо маңында да соғысып жатыр. Бірақ, жақында «Ислам мемлекеті» сол Алеппоның оңтүстік-шығысындағы негізгі жолды басып алғанын хабарлады.

Сириядағы қарулы жанжал 2011 жылы басталды. Содан бері 250 мыңдай адам қаза тауып, 11 миллион тұрғын елден босып, Таяу Шығыс пен Еуропаны үлкен миграциялық дағдарысқа ұшыратып отыр.

Ал, мынау – Словения. Әбден қалжыраған, ашыққан мыңдаған босқын Австрияға өту үшін күздің қара суығында шекарада маңында үш күннен бері далада түнеуге мәжбүр.

Мынау - Германияның Сумте деген ауылы. 100 адам тұратын елді мекен қазір Таяу Шығыс пен Африкадан жеткен 750 мигрантты қалай қабылдаймыз деп елең-алаң.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу