Сирия дағдарысын бейбіт реттеу жөніндегі келіссөздердің алғашқы күні сәтті аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сирия дағдарысын бейбіт реттеу жөніндегі келіссөздердің алғашқы күні сәтті аяқталды

24.01.2017
Астана процесінің алғашқы күнінде бас қосқандар түн ауғанша келіссөздер жүргізді. Түс кезінде басталған салмақты келіссөздер жабық есік жағдайында өтті.

6 жылдан асты, Таяу Шығыстағы мылтық түтіні сейілмей тұр. Сирия соғысы — аймақтық емес, жаһандық мәселеге айналды. Жыл өткен сайын күрмеуі күрделеніп бара жатқан шиеленіске жедел шешім қажет. Сондықтан, «үлкен саяси ойынға» қатысушылар бейбітшілікті берік бағдар еткен Астананы бетке алды.

Мәміле іздеп келгендерге Мемлекет басшысы сәттілік тілеп, арнайы хат жолдады. Қазақстанның көпбағытты саясатының жарқын көрінісі сол - бір-бірімен талай ырғасқан алпауыттарды бір үстел басына отырғызды.

Жалпы, Астана алаңы бұған дейін де бұл түйткілді шешуге ұсынылды. 2015 жылы елордада бірқатар сириялық оппозиция топтары келіссөз үшін екі мәрте жиналған болатын. Қазақстан Сириядағы тыныштықты қалайтынын бұл жолы да көрсетті. Келіссөзге қатыспаса да бейбіт диалог құруға өз алаңын ұсынды.

Хабарламаларға жазылу