Қоғамдық кеңестің қоғамдағы рөлі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қоғамдық кеңестің қоғамдағы рөлі

10.04.2016
Қоғамдық кеңестің қоғамдағы рөлі
Парламенттің бесінші шақырылымы Ұлт жоспарына қажетті алпысқа жуық заңнамалық құжат қабылдаған болатын. Солардың бірі — «Қоғамдық кеңестер туралы» заң.

Кеңесіп пішкен тон келте болмайды. Атқарушы билік пен қоғамның ынтымағы тонның ішкі бауындай беки түседі. Ел дамуына қажетті реформалар үшін Парламенттің бесінші шақырылымы Ұлт жоспарына қажетті алпысқа жуық заңнамалық құжат қабылдаған болатын. Солардың бірі — «Қоғамдық кеңестер туралы» заң.

Ол орталықтағы атқарушы билік пен жергілікті әкімшіліктердің жанынан құрылатын қоғамдық кеңестерді – мемлекеттің ісіне ықпал ете алатын институттарға айналдыруға бағытталған.

Яғни, қоғамдық кеңестер - мемлекет қабылдайтын шешімдердің жариялы, ашық болуын қамтамасыз ететін консультативтік-кеңесші, әрі бақылаушы органға айналуы тиіс.

Құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері мен қарапайым азаматтар кіретін ұйым кез келген мәселе бойынша азаматтық қоғамның ой-пікірін тыңдап, онымен санасуға міндетті. Ол үшін арнайы қоғамдық тыңдаулар өтеді. Осылайша, қарапайым азаматтар елде жүріп жатқан істерге өз ықпалын тигізіп, өзекті мәселелерді көтеруге мүмкіндік алады.

99-қадам билік пен азаматтық қоғам арасындағы қарым-қатынасты жақсартады. Осыған сай қазір елдің әр қиырында Қоғамдық кеңестер жасақталып жатыр. Мұндай беделді ұйым Алматы тарихында алғаш рет құрылды.

178 өтініштің ішінен ашық түрде дауыс беру арқылы 37 адам сұрыпталды. Олардың 69-ы - қоғамдық ұйым өкілдері, 109-ы - өзін-өзі ұсынғандар. Солардың ішінен қоғамға белсене араласып, беделді пікір айтып жүрген 31 адам кеңеске мүше болды.

Ал, қалған бес орын жергілікті әкімдіктің еншісіне тиді. Бұдан былай, әкім мен мәслихат шешімді тек Қоғамдық кеңеспен ақылдасып, талқылап таразылағаннан кейін шығарады.

Қалдыбай Қазанбаев, Алматы қаласы мәслихатының хатшысы:
Алматы қалалық қоғамдық кеңесі атқарушы билік пен мәслихат депутаттарының атқаратын жұмыстарына араласып отырады. Айтсақ, кез келген шешім мен түрлі іс Қоғамдық кеңестің рұқсатымен жүзеге асады. Бұдан бөлек, азаматтардың арыз-шағымы, өтініш-талабы Қоғамдық кеңес арқылы тиісті құзырлы әрі жауапты орындарға жолданады.

Елбасының Жарлығымен Заң қабылданды. Бұл демократиялық принциптерге сай. Бұрын да мұндай кеңестер болды. Бірақ, заңдастырылмаған. Енді, әрбір жұмыс жүйеге түседі. Сондықтан, қоғамдық кеңес мүшелері келелі істің қисынын тауып келістіреді. Себебі, алып шаһардың алымды аяқ алысы, актуальды проблемасы назарда тұрады.

Рахман Алшанов, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы:

Біздің өзімізде түрлі базарлар, автотұрақтар бар. Сол сияқты көлеңкеде болжам бойынша 30 пайыздай экономиканың бөлігі жүр. Көлеңке деген не? Ол салық төлемейді, бірақ бәрін пайдаланғысы келеді.

Оған дәрігер керек, оған мектеп керек, оған жол керек, көшенің тазалығы керек дегендей. Бәрі керек те, бәрін пайдаланады. Ал бірақ, үлесін қосқысы келмейді. Сонда жақсы істейтін бизнесмен бәрін мойнына салып көтеруі керек. Қалғандары қатысы жоқ дегендей.

Жергілікті әкімдіктер мен басқармалардың басшылары міндеттерін мінсіз атқарса, жұрт алдындағы беделін бекемдейді. Ал, аталған кеңес халық пен сол биліктің арасында алтын көпір іспетті. Себебі, бұл елдің еңсесін тіктейтін ілкімді іс өзіміздікі, сондықтан, оған өгіз қара күшімізді жұмсасақ жарасады. Ал, артылған жүк ауыр, - дейді Қоғамдық кеңес мүшесі.

Тілектес Есполов, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі:

Алматы қаласы Республикамыздағы ғылым, мәдениет, өнер, қаржы, туризм орталығы. Соған байланысты біз, алматылықтар жауапкершілікті толығымен түсінеміз. Нәтижесі толығымен болатынын және Елбасының бүгінгі жүргізіп отырған саясатының дұрыстығын халық толығымен түсінетін болады.

Бәзбіреулер айтқандай, бұл ауызбен әулиелік айтатын құрылым емес. Керісінше, алмақтың да салмағы барын сезінетін кеңес. Дұрысы, жұмыс істейтін ұйым. Қазір қоғамдық кеңестің құрамында 6 комиссия бар.

Олар әкімдіктің жанындағы комиссияларға міндетті түрде бір өкілін тағайындайды. Заң бойынша құқы бар. Алдағы уақытта әкімдіктің есігін күзетіп, табанынан таусылатын тұрғындар үшін бітпейтін дау, шешілмейтін шаруа болмайды. Бәрі Кеңестің бақылауына алынады.

Аружан Саин, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі:
Мемлекеттік қызмет қоғамның бақылауында болуы керек. Президенттің үнемі айтатыны осы. Мәселен, балалар үйі мен интернатта өзі үшін жауап бере алмайтын, тіпті құқығын білмейтін, егер құқығы бұзылса, прокуратураға арыз түсіре алмайтын балалар тәрбиеленіп жатыр. Осы тұста елінің жағдайына бей-жай қарамайтын азаматтың көмегі қажет.

Төбеден төрелік айтатындар мен Қоғамдық кеңес мүшелері тізгінді тең ұстауға көшеді. Заң аясында әрекет етеді. Талап күшейіп, талғам тереңдеп, қаржылық дағдарыс қыспаққа алған тұста, арқаны кеңге салуға болмайды.

Мұны Елбасы да жиі айтады. Кеңестің қабылдаған шешімі жел қауып қалмайды. Олар тұрғындардың шағымын тыңдайды. Аудандық әкімдіктердің жұмысын қадағалайды. Ірі мегаполистің өсіп-өркендуіне байланысты мәселелерді мәслихат деңгейінде көтереді.

Дәурен Бабамұратов, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі:
Біз тұрғын үйдің коммуналдық шаруашылығы төңірегіндегі қарапайым халықтың құқықтары, олардың КСК дейміз ғой, ЖСК-лардың қызметінің дұрыстығы, қызметінің оңдылығы біз осының бәрін тексереміз. Осы бағытта біздің алғашқы қадамдарымыз белгіленген. Осы сәуір-мамыр айында дәл осы тұрғын үйдің коммуналдық шаруашылығымен айналысамыз.

Жағдайды жалқы емес, жалпы ойлағаннан шығар, өткенге қарап өсетін, бүгінге қарап бой түзейтін жастар да Кеңеске мүше. Себебі, Алматы жастардың қаласы. Тұрғындардың 30 пайызы солар. Оған қоса, қалада 38 жоғары оқу орны бар. Онда қазір 200 мыңнан астам студент оқиды. Сондықтан, алып шаһардың дамуында бүгінгі буынның алар орны айрықша.

Нұрлан Сыдықов, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі:
Жастарды толғандыратын бос уақытын тиімді өткізу мәселесі, студенттерге жатақхана мәселесі, оның ішінде жас отбасыларға қатысты баспана мәселесі, жұмысқа тұрғызу мәселесі деген сияқты көптеген мәселелер туындайды. Осы бағытта мемлекеттік органдардың жұмысын жетілдіруге біздің қоғамдық кеңесі өзінің бір үлесін тигізеді деген ойымыз бар.

Қоғамдық кеңес сыбаға үлестіріп, шүлен таратушы емес. Олар билікке жұрттың талап-арызын жеткізуде тайғанақтық танытпайды. Немкетті ниеттен ада байыпты байлауларын айтады. Кеңеспен шенеуніктер қайдан құлақ шығарсаның керіне салып, керіспейді, керісінше келісімге келеді. Себебі, оларды мүддесі бір. Халықтың мұң-мұқтажы біріктіреді.

Алмат ӘБДІРАМАН

Хабарламаларға жазылу